Шымкентте полиция қызметінің бұрынғы бастығына қатысты сот отырысы өтті

Шымкентте жергілікті полиция қызметінің бұрынғы бастығы Мұхтар Бұхарбаевқа қатысты сот отырысы өтті. Ол лауазымды қызметін асыра пайдалану бабы бойынша кінәлі деп тергеліп жатыр.

Әл-Фараби аудандық сот залында жоғары лауазымды полицей өзін бейнекамераға түсіруге тыйым салды. Күдіктіні кепілмен босату мәселесі қаралып еді, бірақ бұл ұсыныспен жәбірленуші тарап та, прокурор да келіспеді. Бұрынғы полицейге қатысты тергеу былтыр қол астындағы қызметкердің видеоүндеуінен кейін басталған.

Жәбірленушінің айтуынша, оған қымбат ұялы телефон мен қол сағат, әуе билеттері мен үй жиһазын және бағалы күртеше сатып алып беруге заңсыз тапсырма берген. Қамауға алынған күдіктіге қатысты сот шешімі әлі шыққан жоқ.

Мұзаффар Мүтәліпов, прокурор:

- Жаңа жыл жақындап қалды, сыйлық жасамайсың ба деп оған маркасы Aррle ХS және сағатын сатып алып беруге заңсыз тапсырма берген. Өз кезегінде Айымбетов өзі атқарып отырған лауазымына байланысты кедергілер тудыруы мүмкін деген қорқынышпен оның тапсырмасын орындауға мәжбүр болған.