«ALAQAN» сканері арқылы ақшаны алақанмен төлеуге болады

Болашақта алақан арқылы сауда жасауға болады. Отандық ІТ-сала мамандары арнайы сканер жасап шықты. Оған карта номерін, жеке мәліметтерді енгізуге болады. Жоба авторлары құрылғы әр адамның биометриясын жеке танитынын айтады. 

Айнұр Қуатқызы, тілші:

- Маған су бересіз бе?

- Сізден 180 теңге.

Ал мен су үшін төлемді кю-ар немесе картамен емес, алақан арқылы төлем жасайын деп тұрмын. Отандық ғалымдар алақан деген мынадай құрылғы шығарыпты. Міне суды әп-сәтте сатып алдым.

Отандық ІТ-мамандар ойлап тапқан құрылғы алақанның көмегімен төлем жасауға көмектеседі. Яғни банк карталары мен қолма-қол ақшаны алақан алмастырады. Төлем жасау үшін сканерге алақанды жақындату жеткілікті. Онда картаңызды тіркеген бойда «бірегей алақан таңбаңызбен» байланыстырылады. Мамандар бұны әлі жоба күйінде тұрғанын айтты. Жаңа технология болашақта сауда дүкендерінде іске қосылуы мүмкін. 

Берік Нұрымбетов, жоба авторы:

- Төлем ғана емес, болашақта үйдің кіреберістеріне алақанды көрсетіп кіруге болады. Сайтқа логин, пароль термей, осы алақан арқылы да кіруге болады. Алақанның ішіндегі тамырлар ешқашан өзгермейді. Біз соны инфрақызыл диапазон ретінде көріп, соны биометрия ретінде келтіріп отырмыз. 

Стартап жоба еліміздегі бірқатар жоғары оқу орыны мен офистерге кіру үшін де пайдаланыла бастаған. Елордада өткен халықаралық білім беру саласындағы үздік технологиялар тоғысқан жиында отандық ІТ-мамандардың стартап жобалары ерекше бағаланыпты. Себебі білім беру бағытын цифрландыруға арналған заманауи әдістердің кейбірі қолданысқа еніп дәлелденген. Тіпті сарапшылар болашақта роботтар жұмысына тәуелді болуымыз мүмкін деп отыр.

Мәрлен Сихаев, ұлттық холдинг төрағасының орынбасары:

- Менің ойымша, болашақта көптеген саланы роботтар басқаратын болады. Тек ғ ана креативті экономика саласында адам өз орнын нақты ұстап қала алады. Өйткені креатив ол енді роботтарға өзің қандай жүйені енгізсең, сол жүйені қабылдайды. Роботтардан озу үшін біз өз-өзімізді дамытып отыруымыз керек болады.

Құлтемірлер адамды алмастыра алмайды. Тек жасанды интеллект арқылы түрлі сала жеңілдей түсуі мүмкін. ІТ-саланың жілігін шағып, майын ішкен мамандар осылай дейді.

Айнұр Қуатқызы, Ырыстанбек Оспанов