Талдықорғанда белсенділер гүл егу жұмысының былығын Антикордың тексеруін қалайды

Талдықорғандағы экологиялық қозғалыс мүшелері мен еріктілердің қала көшелеріне гүл отырғызумен айналысатын мердігердің жұмысына көңілі толмайды.

«Олар өз міндеттемесін дұрыс атқармай отыр» деп айыптады және «бұл мәселеге сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігі араласуы тиіс» дейді. 

Ардақ Айбарұлы, тілші:

- Тапсырыс беруші мен мердігер компанияның арасындағы келісім-шарт бойынша биыл қалаға 350 мың түп гүл отырғызылуы тиіс еді. Қоғам белсендісі мен еріктілер екі күн бойы қанша гүл отырғызылғанын санап көрді. Олардың есебінше, қазір Талдықорғанда 51 180 гүл өсіп тұр. Бұл келісім-шарттағыдан 5 есе аз. Неге бұлай болды?

Көктемде Жетісу облысының орталығындағы Назарбаев, Желтоқсан көшелерінің бойы мен әкімдік ғимаратының және «Жеңіс» саябағының алдындағы жалпы аумағы 11 мың шаршы метр жерге гүл егілді.

«Мердігер оның әр шаршы метріне 40 түптен гүл отырғызуы керек еді. Өкініштісі, олай болмай тұр», - дейді қоғам белсендісі.    

Сандуғаш Дүйсенова, қоғам белсендісі, волонтер:

- Қаланың түрі мынау. Таздың басы сияқты анда-мында ғана шоқиып-шоқиып тұр ғой гүлдер. Сондықтан бұл жайында мен өзімнің журналистік расследованиемді жасадым. Келісім-шарт бойынша 1 шаршы метр, 1 квадратқа 40 гүл егу керек екен. Былай енді көзбен-ақ көрініп тұр ғой бұл 1 квадратта 40 гүл жоқ екендігі...

Мердігер сәуір айында Талдықорғанға Қаскелеңдегі жылыжайлардың бірінен 350 мың түпке жуық гүл әкеліп отырғызғанын айтты. Оның ойынша, волонтерлар гүлдерді атүсті санаған. Дұрыс өспей қалатынын, зиянкестер жеп қоятынын есепке алмаған.

Арман Зейноллаұлы, мердігер:

- Бұларды құмырсқа жейді, құмырсқа. Содан кейін бұл растение ғой, өседі, мынандай ыстықта ішінде өлетіні бар. Онан кейін біз ешқандай тендеріміздің нарушениесі жоқ. Өйткені біз сол 350 мың гүлді договор біткенше себуіміз керек. Квадратына 40 деп берді ғой бізге. Мысалы, өледі, өлгенінің орнына қайтадан біз анау күзге дейін, сентябрьге дейін егіп отырамыз.

Есепке жүгінсек, қоғам белсендісі санап шыққан 51 180 гүлдің әр талы қала бюджеті үшін 429 теңгеден шыққан.

«Еккені шырайгүл мен барқытгүл сияқты арзан гүлдер. Мұндай ысырапқа жол беруге болмайды», - дейді қоғам белсендісі. 

Сандуғаш Дүйсенова, қоғам белсендісі, волонтер:

- Ал мынау күлкілі жағдай болып тұр. Негізі бар ғой антикоррупционная службаға бұнымен айналысу керек сияқты. Өйткені бейберекет шашып жататын ақша жоқ. Өйткені бүгінгі күнге дейін бұларды біз сияқты ешкім кеп санап, тексермеген. Біз халық ретінде мұны қадағалауға міндеттіміз.

Келісім-шарт бойынша мердігер гүлдерді отырғызып қана қоймай, оны қазан айының ортасына дейін күтіп-баптауға міндетті. Бірақ тендерді ұтып алған азамат гүлің әр түбін жылыжайдан қанша теңгеден сатып алатынын жария етпеді. Айтуынша, ол коммерциялық құпия.  

Арман Зейноллаұлы, мердігер:

– Гүлді нешеден сатып аласыздар сонда бағасын? Ол коммерческая тайна, мен устав бойынша айта алмаймын гүлді қаншадан алатынымды. Мен бір жерден мысалы, 5 теңгеден аламын, бір жерден 10 теңгеден аламын. Ол алғанымызға байланысты. Толық төлеген жоқ. Шамамен 60 процентін ғана төледі қазір. 

Рамиль Рахымбаев, қалалық ТҮКШ бөлімінің бас маманы:

- Келісім-шарт бойынша бұл жобаның жалпы құны 20 млн 535 мың теңге. Бүгінде соның 19 млн теңгесі игерілді. Техникалық сипаттамаға сәйкес, өсіп-өнбей қалған гүлдерді қалпына келтіру жұмыстары жүріп жатыр.

Тапсырыс беруші Талдықорған қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы мекемесіндегілер қала көшелерін гүлдендіруге қажетті қаржының мердігерге толық бөлінгенін және бұл мәселенің күнделікті мониторингпен жіті қадағаланатынын айтты. Сонда кім кімді алдап отыр?  

Ардақ Айбарұлы, Қуаныш Түргенбаев