Қаланы жағымсыз иіс жайлап алды – Ақтау

Кеш түссе, Ақтауды жағымсыз иіс жайлап алады. Қолаңса иіс, әсіресе, шаһардың жоғары бөлігіндегі шағын аудандарда жиі сезіледі, деп хабарлайды «Хабар 24».

Тұрғындар жаз келісімен осы мәселе Басқұдық, Баянды ауылында да жылда қайталанады деп отыр.

Талғат Исламұлы, тілші:

– Қала тұрғындарының айтуынша, қолқаны қапқан жағымсыз иіс, әсіресе, түнгі мезгілде байқалады. Терезені ашу мүмкін болмаған соң салқындатқыш жүйенің таңға дейін қосуға мәжбүрміз дейді.

Күндіз сірә, күн ыссы. Кешке демалайын десек, мынадай сасық иістер. Қоқыстың иісі сияқты, күйген иіс сияқты. Кешке демала алмайсың.

Жылда қайталанады осы проблема. Иіс шығып жатады ылғи. Қайдан шығып жататынын біз білмейміз. Қонақтар келсе алыстан, айтады Ақтауыңыздың иісі жаман екен деп.

Экологтардың айтуынша, күндіз бірнеше шағын ауданда ауа құрамы тексерілген. Қоршаған ортаға зиянды заттар табылған жоқ деп отыр. Енді бақылау шарасы түнде өткізілмек. «Ақтаудан 4-5 шақырым жерде қоқыс полигоны бар. Белгісіз біреулер қас қарайған соң жер қазып, қара және түрлі-түсті металл іздейді. Осылайша қалдықтардың беті ашық қалады. Ыстық күндері жел айдап, сасық иіс елді мекендерге таралады» – дейді уәкілетті мекеме өкілі. 

Гүлім Ұлықбанова, облыстық экология департаментінің бөлім басшысы:

Кезінде жабылып, рекультивация жасалған полигон. Осыдан 1 жыл бұрын факті анықталды. Яғни қара металл іздеушілермен полигон қазылып, сол ескі қалдықтардың жағымсыз иісі күннің өте ыссы болуына байланысты қазір қалаға осындай жағымсыз иіс барып тұр. Қазіргі таңда зерттеу жұмыстары жүріп жатыр.

Зерттеу жұмыстары аяқталған соң нақты іс-шаралар қолға алынады деп сендірді мамандар. Қазір Мұнайлы ауданы әкімдігіне хат жіберіліп, қараусыз жатқан қоқыс полигонына күзетші қойдыруға кіріскен. Бұған дейін сол маңда бірнеше тұрғын ұсталып, жинақталған деректер полицияға жолданғанын айтады.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Ренат Досалиев