476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Елде коронавирустың жаңа толқыны басталды

  • 160
  • UPD: 07:33, 30.06.2022

Елордалық модульдік инфекциялық ауруханаға тәулігіне коронавирус диагнозымен он шақты адам түсіп жатыр. Олардың тең жартысы бала, деп хабарлайды «Хабар 24».

Стеллс омикрон штамы ересектердің үстіңгі тыныс алу мүшелерін зақымдаса, бүлдіршіндерден пневмония және баспа ауруларының белгілері байқалады. Эпидемиологтардың айтуынша, індеттің бұл түрі басқасына қарағанда жеңіл өтеді. Алайда ол өзге вируспен қатар жүретінін ескерсек, адам ағзасына айтарлықтай нұқсан келтіруі мүмкін.

Татьяна Цечоева, қалалық инфекциялық орталықтың басшысы:

– Ересек адамдардардың басым бөлігінде пневмония анықталып жатқан жоқ. Қазір бұл дертке негізінен балалар шалдығады. Біздің ауруханада жатқан 4 балаға осы диагнозды қойып отырмыз. Сондай-ақ коронавирустың қан тамыры жүйесіне әсер ететінін ұмытпаған абзал. Оның салдарынан адамның миына қан құйылып кетуі әбден мүмкін. Науқастардың есте сақтау қабілеті нашарлап, ұйқысы бұзылады.

Сала мамандарының пайымдауынша, қолданыстағы вакциналар әлі де күшін жоғалтқан жоқ. Оларды стеллс омикрон штамына бейімдеу оңай. Халықтың 70 проценті екпе салғызғанын ескергенде, індет өршуі бұрынғыдан әлсіз болады деген болжамдар бар. Алайда вакцина мерзімі ұзақ болмағандықтан, оны қайта салдыртқан артық емес.

Күнсұлу Закария, биологиялық қауіпсіздік проблемалары ғылыми-зерттеу институтының бас директоры:

– Иммунитет бұл ұзақ емес, тұрақты емес, 6-9 айға созылатын жағдай. Біршама уақыттан кейін ол төмендейді. Жаңа вирусқа әсер етеді. Барлығыңызды ревакцинацияға шақырамын. Көп вакцина бар. Белсенділігі жоғары.

Шет мемлекеттің көбінде коронавирус індеті өршіп тұрғаны белгілі. Шекаралар ашық болғандықтан, біздің елде де ахуал нашарлайды. Шілде- тамыз айларында вирус шарықтау шегіне жетеді,– дейді эпидемиологтар. Сол себепті қазірден бастап жеке сақтық шараларын ұмытпаған жөн. Дәрігерлер маска киіп, қолды дезинфекциялау коронавирустың алдын алуға айтарлықтай ықпал ететіні ескертеді.

Авторлары: Дариға Ташенова, Ақылбек Есімсейітов

 

 

 

 

Хабар 24 телеарнасы