Елордада 406 мыңнан астам көлік тіркелген

Оның 355 мыңдай жеңіл, 29 мыңдайы жүк көлігі. Автобустардың саны 6 мыңнан асады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Арасында экологиялық талапқа сай келмейтіндер бар. Олардан шыққан улы газ ауаны ластап жатыр. Енді арнайы аппаратпен мұндай көліктер анықталып, жүргізушіге ескерту жасалады.

Жанар Бескемпірова, Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқарма басшысының орынбасары:

- Қазір ескерту деп қана қарастырып отырмыз. Егер де осы жағдай ушығып, автокөліктерден ластаушы зиянды нелер көп болып жатса, әрине қайталанып жатса, бір рет үсіп қалған тағы да қайталанып жатса әрине айыппұл салуға құқық болады.

Заманауи құрылғы бензин және дизельмен жүретін көліктерді тексереді. Улы газдың артық мөлшері анықталса, ақпарат бірден орталық базаға түседі. Бармақ басты, көз қысты әрекетке жол жоқ. Ескертуді елемеген жеке тұлғаларға 10, заңды тұлғаларға 100 айлық есептік көрсеткіш айыппұл салынады.

Ғалым Беркінбаев, «Экосервис-с» ЖШС директоры:

- Әзір екі зертхана іске қосылды. Жоба оң нәтиже көрсетсе санын көбейтуге ниеттіміз. Зерттеу барысында қаладағы қанша көліктің экологиялық талапқа сай келмейтінін анықтаймыз және ескертуден кейін олардың саны азайды ма жоқ па бақылаймыз. Алдағы уақытта елдегі жанармай сапасын да тексерсек деген жоспарымыз бар.

Жылжымалы экологиялық бекет арқылы мамандар жыл соңына дейін елордада 30 мың автокөліктің тексермек.

Авторлары: Талғатбек Әбдіқожа Аят Дүйсенбаев