Жолаушылар пойызының жағдайы қашан жақсарады?

Ақтау – Ақтөбе бағытына қатынайтын пойыздың жағдайына жолаушылардың көңілі толмайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Айтуларынша, вагондар ескірген. Аптап ыстық кезінде салқындатқыш қойылмаған. Тұрғындардың шағымын көліктік инспекция назарға алып, рейд жасады. Маңғыстау – Ақтөбе бағыты жолаушыларының айтары бір.  Вагонның жағдайы санитарлық талапқа сай емес. Салқындатқыш болмағандықтан терезе ашуға тура келеді. Алайда шаң қолқаны қабады. Мұны жолсеріктер де растап отыр.

Маржан Мұсаева, жолсерік:

– Вагондар өте ескі, біз халықтан сөз естейміз, халық бізді жейді, құрам бойынша 2 кондер бар 2 вагонда. Жеке «Отпан логистик» бізді өте шаршатып тұр.

Көліктік инспекция мамандарының айтуынша, осы бағыт бойынша халықтан шағым жиі түседі. Бұған дейін 8 рет тексеру жүргізілген. 50 мыңнан астам айыппұл салынған. Алайда олқылықтар дұрысталмай келеді.

Қуандық Аяпов, Маңғыстау облысы бойынша көліктік бақылау инспекциясы  бөлімінің бас маманы:

– Тексеріс барысында 10 бұзушылық анықталып, өрт сөндіру құрылғыларының істен шығуы, датчитердің жасамауы, кипитиниктегі тендердің жасамауы, адамдарға беретін чайниктер, стакандар санының жетіспеуі анықталды. «Отпан» логистик заңды тұлғасына ҚР Әкімшілік кодекстің 571-бабы, 4-тармағымен хаттама толтырылатын болады.

Ал компания өкілі мұндай олқылықтардың бар екендігін жасырмайды. Вагонды жаңарту үшін мемлекеттік қолдау керектігін айтады.

Нұрғали Махмутов, «Otpan Logistic» ЖШС құрылтайшысы:

– Қазақстан темір жолы да өз қаражатына вагондарды жаңартпайды, олар ұлттық қордан қаражат алады. Ал жеке компанияларға бұл бағдарлама қолжетімді емес. Тариф бізде де шектеулі, көтере алмаймыз. Сондықтан Үкімет бағдарлама шығарып, қолдау көрсету керек.

Алдағы уақытта Маңғыстау – Ақтөбе – Маңғыстау бағытында 40 вагон алу жоспарланған. Бұл мақсатта 50 млн.доллардай қаражат керек, дейді компания өкілдері. Оған дейін жолаушыларға амалдай тұруға тура келеді.

Авторлары: Әйгерім Ашықбаева, Саламат Бекбаев