Шымкентте алдағы үш жылда сапасы жақсы жолдар үлесі 79 процентке жетпек

Қалада көлік инфрақұрылымын дамытуға көңіл бөлініп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Мегаполистегі өзге де жетістіктер туралы орталық коммуникациялар қызметіндегі брифингте қала әкімі Мұрат Әйтенов баяндады. Шымкентте сапасы жақсы және қанағаттанарлық жолдар көбейеді. Биыл Рысқұлов – Қонаев жолайрығы пайдалануға берілуі тиіс. Ал Арғынбеков – Бәйдібек би жолайрығының құрылысы келесі жылы аяқталады. Қазір мегаполистегі 352 шақырым жолда құрылыс-жөндеу жұмыстары жүріп жатыр.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

– Шымкент қаласында 2025 жылға дейін 3 жолайрық, 2 транзиттік айналма жол, А-2 автомобиль жолын қайта құру және Қонаев даңғылының жалғасын салу жұмыстары аяқталып, пайдалануға тапсырылады. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жолдардың үлесі 2022 жылы 64,7 проценттен 2025 жылы 79 процентке жетеді.

Шымкент жұртшылығы 2025 жылға дейін табиғи газбен толық қамтылады. Халықты табиғи газбен қамту да шешімін табатын мәселе. Қалада іске қосылатын Бозарық қосалқы стансасы мен АГРС электр қуаты және табиғи газ тапшылығын шешіп бермек. Әкімнің айтуынша, олардың қуаты 5-6 жылға жетеді.  

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі:

– Ағымдағы жылы газбен қамту бойынша 6 млрд теңгеге 18 нысанның құрылысы жүргізіліп жатыр. Нәтижесінде қамту деңгейі 93%-тен 94,7%-ке артады. Табиғи газбен қамту мәселесі 2025 жылы толық шешіледі.

2025 жылға дейін қаладағы электр энергиясымен қамту көрсеткіші 100 процентке жетеді. Түнгі жарықтандыру да басты назарда.

Авторы: Мерей Мұратханқызы