Алматы тұрғындары заңсыз құрылысқа наразы

Алматыдағы «Көлсай» ықшам ауданының тұрғындары дәл үйлерінің жанынан салынып жатқан құрылысқа наразылық білдіруде, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олардың айтуынша, жылдар бойы бос жатқан жер кезінде сатылып, одан қолдан-қолға өткен. Енді жаңа қожайыны көршілерімен келіспестен, тұрғын үй кешенін тұрғызбақ. «Бұған жол бермейміз», – дейді ашулы тұрғындар.,

Алмас Садуақас, тілші:

Дау туғызған жер телімі Қасым Қайсенов көшесінің бойында орналасқан. Аумағы 3 гектар жерді тегістеу үшін күн сайын құмтас пен топырақ төгіліп жатыр.

Қалада таулы жерге көпқабатты тұрғын үй кешенін салуға рұқсат жоқ. Ал рұқсат болғанның өзінде де ол 3 қабаттан аспауы тиіс. Қайсенов көшесінің тұрғындары бұл жер шаруа қожалығы үшін бөлінгендігін айтады. Бұрынғы иесі жерді игермей, кейін сатып жіберіпті. Биыл пайдалану мақсаты өзгертіліп кеткен.

Гүлмира Өтепбергенова, қала тұрғыны:

– Осы ықшам ауданның тұрғыны ретінде біз мына жерде қандай да бір құрлыстың болғанына қарсымыз. Өйтені мұнда жер асты сулары ағады. Экологияға зиян келеді. Байқасаңыз нысанның төлқұжаты да жоқ.

Құрылысты жүргізіп жатқан адамдармен сөйлестік. Компания өкілі: «Бұл жерде ешқандай көпқабатты үй салынбайды. Тек кеңсе мен екі коттедж тұрғызу жоспарланып отыр. Рұқсат құжаттарымыз түгел», – деп жауап берді. Алайда мән-жайда камераға айтқысы келмей, сұхбаттан бас тартты. Қоғам белсендісі Салтанат Тәшімоватың айтуынша, Бұл бассыздық үшін жер иесін жауапқа тарту керек.

Салтанат Тәшімова, қоғам белсендісі:

Тәртіп өрескел бұзылған. Жеміс ағаштары оталып жатыр. Жерді пайдаланудың мақсаты өзгертілген. Өкінішке қарай, соның барлығын мемлекеттік мекемелер білмегенсіп отырғаны түсініксіз.

Дау туғызған жер теліміндегі жағдайды көруге Медеу аудандық әкімдігінің өкілі де келді. Төңіректі телефонға түсіріп алып, құрылысты уақытша тоқтатыңдар деп жұмысшыларға ескерту жасап кетті. Инспектордың айтуынша, компанияның нысан салуға қатысты құжаттары қайта тексеріледі. 

Авторлары: А.Садуақас, В.Лобанов

Сондай-ақ...