476,27 474,60 7,83
+7 (7172) 757 485 24kz@khabar.kz

Павлодар тұрғындары жағажайда сақтық шараларын сақтай бермейді

  • 231
  • UPD: 15:08, 03.07.2022
Павлодар тұрғындары жағажайда сақтық шараларын сақтай бермейді

Жағажай – павлодарлықтардың сүйікті демалыс орны. Күннің аптап ыстығында осы жерге мыңдаған адам келіп тынығады. Халық неғұрлым көп жиналса, ұсақ заңбұзушылықтар соғұрлым көп, деп хабарлайды «Хабар 24».

Полицейлер шомылу кезеңі басталғалы тонау, қоқыс тастау, қоғамдық орындарда тәртіп бұзу фактілерін тіркей бастаған. Демалушылар орталық жағажайда орнатылған бейнекамералардың барын біледі. Бірақ бұл да кедергі болмай тұр.

Қабиден Дүйсебеков, патрульдік полиция қызметінің инспекторы:

– Бейнекамера деректерді тіркеген соң бізге ақпарат түседі. Кейін қолма-қол әрекет етеміз. Заңды бұзған азаматқа барып, түсіндіреміз де әкімшілік хаттама толтырамыз. Бір кезекшілікте ішімдік ішкен 4-5 адамды анықтауымыз мүмкін. Аптап ыстықта одан да көп болды.

Шомылушылардың қауіпсіздігі де басты назарда. Бірнеше шақырымдық жағажайда бес құтқарушы 12 сағаттан кезекшілік атқарады. Мамандар, әсіресе, балаларды бақылау қиынға соғады дейді.

Владислав Тамошин, құтқарушы:

– Бұл жерде балаларға арналған шомылу орны бар. Бірақ ұл-қыздар бізді тыңдамай, ересектермен қатар шомылады. Тереңдікке кетіп қалуы мүмкін. Мәселен, осы жерден бірнеше адамды құтқарып қалдық.

Бибігүл Қамзина, облыстық ПД ЖПҚ ювеналды полиция тобының аға инспекторы:

Өкінішке қарай, бір жеткіншек суға батып кетті. Жанында туыстары болған. Қазіргі уақытта су айдандарының барлығы бақылауға алынды. Себебі бұл бала үшін қауіпті жерлер.

Орталық жағажайдағы жағдай тұрақты. Рұқсат етілмеген шомылу орындардағы көрініс мүлдем басқа. Табиғат аясы қоқысқа толы. Тал түсте ішімдік ішкен адамдар көп. Шомылу маусымы басталғалы қоғамдық орында тәртіп бұзған 20-дан астам азаматқа айыппұл салынған. Мамандардың айтуынша, ереже бұзушылардың саны күннен-күнге көбеюде.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов және Жеңіс Темірболат

 

 

Хабар 24 телеарнасы