Маңғыстаудағы Шетпе-Қызан жолының құрылысы он жылға созылды

Маңғыстау облысындағы Шетпе-Қызан жолының құрылысы он жылға созылды. Бұл бағыттың жалпы қашықтығы 110 шақырым. Соның 25 шақырымы қашан аяқталатыны әлі белгісіз. Ал қызандықтар болса Маңғыстау ауданының орталығына жету үшін жол азабын тартып отыр. Жауаптылардың ендігі уәжі қандай?

Шалғайдағы елді мекенде 1 мыңнан астам адам тұрады. Қызандықтар жұмысқа баруға немесе дүкендегі азық-түлік қорын толтыру үшін Шетпеге күнде қатынайды.

«Жолдың күйі мынау. Жаңбырлы күндері көлік қозғалысы тіптен қиындайды. Жеңіл машиналар тез бұзылады. Бұрқыраған ала шаңда жол апаты жиі болып тұрады», - дейді тұрғындар.

Ақмырза Масатов, Қызан ауылының тұрғыны:

- Көліктеріміздің барған сайын аяғы жарылады. Қыс мезгілінде қар болып, боран, талай жолда қалдық балшыққа батып. 

Алтынғали Иманбаев, Қызан ауылының тұрғыны:

- Әнеукүні жаңбыр жаумай-жаумай тұрып жауып еді. Машиналар батып, 25 километрге жете алмай халық далада қалды. Далада қонды бүкіл бала-шағасымен. Бітеді-бітеді дейді бұл. 2024-тің аяғына дейін өлетін шығармыз қырылып.

Бұл жолдың алғашқы бөлігі 2014-2016 жылдары қайта төселді. 2-кезеңі сол уақыттан бері жалғасып келеді. Әлі 60 млн теңге керек. Бұл қаражат мердігер мекеме шотына түссе, осы бөліктегі жол құрылысын тездетіп аяқтауға дайын. Жалпы трассаны толық жөндеу үшін 3 млрд астам қаржы қажет. Оны бірден беруге бюджет көтермейді.

Рахат Алмамедов, мердігер мекеме өкілі:

- Мәселе ақшада болып тұр. Уақытында бөліп, уақытында жіберсе, біздер осы жылға дейін де жұмысты бітіріп, ауылға дейін асфальтті тартып беруімізді жоспарлаймыз.

Талғат Қыланов, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары:

- 3 млрд 249 млн теңге ақшаны бірден бере салуға бюджет көтеріп тұрған жоқ. Өткен жылы 375 млн бөлінсе, 2022-де 516 млн теңге бөлінді. Қазір тағы 500 млн бөлінеді деп жатыр. 

Тағы бір мәселе - жолдың салынған бөлігі бүлініп жатыр. Себебі, асфальт күн суықта төселген. Бұл аумақтан ауыр жүк көліктері жиі жүргесін кей жерлері ойылып та қалған. Жауаптылар барлық ақаулықты қысқа мерзімде түзетеміз деп отыр. 

Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев