ШҚО-да жол бойындағы қызмет көрсету саласы ақсап тұр

Шығыс Қазақстан облысында туризм өркендеп келеді. Бірақ жол бойындағы қызмет көрсету саласы ақсап тұр. Дәмханалар аз, жанармай құю бекеттері мен көлік жөндеу орындары да жоқтың қасы. Ең қиыны, ұзақ жолда таза әрі жылы дәретханалардың болмауы жолаушыларға ыңғайсыздық тудырып отыр. Бұл тұрғыда салалық басқарма тарапынан біршама жоба қолға алынды. Олар трасса бойында дәретхана салып, оны күтіп ұстап отырған кәсіпкерге айына 83 мың теңге субсидия бөледі. Бірақ талабы жоғары болғандықтан бұған екінің бірі келісер емес.

Ришад Ғабдуллин Өскеменде тұрады. Бірақ туған өлкесі Тарбағатай ауданына жиі барады. Алайда ол жақтың табиғаты  тамылжып тұрғанымен жеткенше діңкені құртатын дүние көп дейді ол. Әсіресе трасса бойынан таза әрі жөні түзу дәретхана табу қиын. Барының жағдайы адам шошырлық.

Ришад Ғабдуллин, қала тұрғыны:

- Шетелдік азаматтар ананың ішіне кіре алмайтын шығар енді. Тоғай қуып кетеді. Жол үстінде ресторан, кафелер тағы да түні бойы свет жарқырап тұратын болса, оны күшейтсе жақсы болса шырайлы Шығыста туристерді сонымен де қамтып алуға болар еді. 

Санитарлық-гигиеналық орынның аздығы әрі-бері жүрген жолаушыларға соның ішінде үлкен кісілер мен әйел адамдарға ерекше батады. Ал туристік нысандарға жететін жол ұзақтығы кейде 600-800 шақырымға дейін жетеді.

Баян Әлімжанова, жолаушы:

- Үлкен кісілер бар, балалар бар, қыздар бар мен құсап далаға отырмайсыздар ғой. 

Таза әрі қыста жылы дәретхананың  күре жол бойында көп болғанын салалық басшылық та жөн санайды. Сол үшін арнайы жоба бастапты. Яғни егер кәсіпкерлер дәретхана салып, оны таза ұстап қараймыз десе, оған ай сайын 83 мың теңге төлейтін болады. Алайда мұның өз талаптары бар.

Марат Қабақов, облыстық кәсіпкерлік басқармасы басшысының орынбасары:

- Жоғарғы талаптар дегеніміз туалеттерде электр жарығы болуы, су болуы жыл бойы, 12 ай бойы жұмыс істеп тұруы керек. Жеке туристік объект ішінде емес, жеке тұру керек, өзінің жер учаскесі болуы керек.

Талап қатаң. Сондықтан әзірге бел шешкен екі кәсіпкер ғана бұл ұсынысқа өтініш білдіріпті. Дәретханадан бөлек қай бағыта алсаң да жол бойында жайлы дәмхана, жанармай құятын орын, тіпті көлік сынса жөндейтін жер жоқ. Көз тартар көрікті өлке үшін осының барлығы үлкен сын. Әитпесе баға жетпес Бұқтырмасы бар, маралы мен балы таңдандырған Қатон-Қарағайы бар аймаққа келгендер табиғатқа тамсанып қайтады.

Марат Жұманқұлов, турист:

- Қатон-Қарағай әлемнің маржаны деуге лайық орын екен. Осындай табиғаты бар өлкені иемдену облыс үшін үлкен мақтаныш, үлкен мүмкіндік дер едім. Сондықтан жол үстіндегі сервис сапасын көтерген дұрыс.

Туризм саласындағы басшылар сервистік қызметті сапалы деңгейге көтеру үшін түрлі ынталандыру шараларына да кірісті. Енді биылдан бастап стандартқа сай қонақүй, дәмхана, тағы басқа нысандар салған кәсіпкерлерге шығынының 10 проценті өтелетін болады. 

Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов