Ақтөбе облысындағы жол құрылысынан дау шықты

Ақтөбе облысында құрылысы қарқынды жүріп жатқан халықаралық автожол ауыл тұрғындарының наразылығын туғызды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бестамақ елді мекеніндегі жұрт көлік дәлізінің округ орталығынан өтетіне қауіптеніп отыр. Себебі көше тарылып, адамдардың жүріс-тұрысы қиындайтын көрінеді. Жауапты мекеме өкілдері бекітілген жобаны өзгерту мүмкін емес дейді. Бестамақ ауылы болашақта пайдалануға берілетін «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» тас жолының бойында болатын елді мекендердің бірі. Алайда күре жолдың құрылысы қарқын алып, мұнда жақындаған сайын жергілікті тұрғындардан маза кеткен. Себебі онсыз да көлік ағыны бір толастамайтын екі шақырымнан асатын ауыл ортасындағы көшеде шу көп. Ал халықаралық маңыздағы жол түссе, онда қауіп көбеймек.

Тұрсын Рахманова, Бестамақ ауылының тұрғыны:

– Жолдың арғы бетінде дүкен бар. Мына бетінде мектеп бар. Мен немерелеріммен қалай барам? Дүкеннің өзіне жетектеп шақ жүгіреміз. Машиналарды көріп жатсыздар ғой манадан бері. Жеңілі де, ауыры да осы жермен тіпті, фуралар тыным таппайды күндіз-түні.

Әсел Мыңбаева, Бестамақ ауылының тұрғыны:

– Ертеңгі күні төрт жол болатын болса, масқара болады. Үйде балаларымызды қамап отырамыз онда. Ешқайда шығармай, сабаққа алып барып, алып келіп, ойнау деген жоқ. Бұл деген ауыл. Ауыл болғасын жерде тыныштық беру керек бізге.

Тұрғындар ауыл ортасынан түсетін төрт жолақты жолдан адам өміріне төнер қауіп орасан деді. Тіпті олардан тарайтын улы газдың өзі ауаны ластайтынын алға тартып отыр. Ал дәл осы жол бойында бірнеше тұрғын мен ірілі-ұсақты мал талай темір тұлпардан зардап шеккен. Сондықтан жобада көрсетілген жолдың ауыл сыртынан өткенін қалайды.

Бейбіт Душаев, Бестамақ ауылының тұрғыны:

– Жобаны өзгеру өте қиын, мен білем. Бірақ мына Бестамақтың шетінен сужение болуы керек екі жолақ. Мынаның ішіне төрт жолақ қалай кіргізесіңдер? Мүмкін емес, онда ана забордың қасынан өтеді машиналар. Екі жолақ қана қалу керек.

Тұрғындардың наразылығы құзырлы органдарға талай жеткен. Бұны ауылдық округ әкімі де мойындап отыр. Бірақ ол пайдалануға берілгеніне 50 жылдан асқан елді мекеннің орталық жолы осы ауқымды құрылыс кезінде жаңаланып қалғаны дұрыс дейді. Мұны бірқатар тұрғындар да алға тартқан. Алайда ауылдықтардың қазіргі көтерген мәселесін тиісті ұйымдарға хат түрінде де жеткізіпті.

Қанат Дәулеталин, Бестамақ ауылдық округінің әкімі:

– Мемлекеттік сараптамадан өткізілген. Мемлекет бекіткен тапсырыс бойынша жасалып жатқан үлкен экономикалық жоба. Сондықтан қазіргі уақытта халықтың талабы әлі де ескерілетін болады.

Тұрғындар талабының ескерілетінін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының өкілдері де айтып отыр. Бірақ 2017 жылдан бері өткізілген қоғамдық тыңдаулар мен кездесулерден жергілікті жұрт әлі бір шешімге келмегенін алға тартуда. Ал жоба бойынша ауыл ортасынан бірінші санатты жол түссе, жаяу жүргіншілер үшін бірнеше жерден жолақтар, бағдаршамдар тіпті, өткелдер салып жарықтандыру қарастырылған. Ал көше бойындағы үйлерге тақалып салынатындай мәселе туындамайды дейді. Себебі құрылысқа кедергі болатын нысандар әлдеқашан сатып алынып, сүрілген.

Марат Махамбетов, «ҚазАвтоЖол»» АҚ ҰК АОФ директоры:

– Егер халық айтса, мен ашығын айтайын. Мына жолды сыртпен алып кету керек десе, жоба бірнеше жылға енді тоқтатылады да, әзірге уақытша мына жолмен жүре береді. Бірақ шешім қабылдау үшін көлік жолдары комитеті бар және «Азия даму банкісі» бар қаржыландырып отыр. Осы сұрақтарды сонда көтеретін боламыз.

Ауылдықтардың наразылығын туғызған «Ақтөбе – Атырау – Астрахань» тас жолының құрылысы қазір қызу жүріп жатыр. Биыл тағы бір бөлігін іске қосу көзделген

Авторлары: Әнуарбек Мырзатайұлы, Болатбек Молдағалиев