2025 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызылмақ

25 жылдың ішінде «жасыл аймақтың» жағдайы жақсарып, жыл сайын жаңа ағаш түрлерімен толығып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Қалаға қалқа болып, климаттың жұмсаруына әсер ететін белдеуді көгалдандырудың жаңа тәсілі енгізілді. «Ықтырма» деп аталатын тәсіл бойынша тұтастай екпеағаштарды  орман жағдайында  өсіру тиімді екенін дәлелдеген. Өсімдіктердің тез әрі биік өсуіне мүмкіндік береді.

Мұхит Рамазанов, «Жасыл аймақ» РМК Бас директоры:

- Кулисалық әдіспен отырғызылады. Ол кулисаның көлемі 36 метр. Қазір 24 метрі отырғызылған. Енді 12 метрлік кулисааралық ағаштар отырғызылуда. Қазір басты көңіл бөлініп жатқан жағдай, кулисааралыққа орман құрауыш ағаштарды, қарағай дейміз, сондай ағаштар жатады.

Жоспар бойынша 2025 жылға дейін 2 млрд ағаш отырғызу көзделген. Оны орындау үшін жылына 8 млн. көшет егіледі. Ал биыл жұмыс өнімді жүріп, жасыл аймаққа 12 млн.тал-терекпен толықты.

Әйгерім Мамбетова, инженер:

- Бізде жазғы уақытта тұқымдар жиналады. Тұқымдар жиналып, оны өңдейміз. Кейін холодильникте сақтап, қазан айында себу жұмыстарын бастаймыз. Сосын оларды екі тұқымбақта өсіреміз.

Елорданың іргесіндегі «Жасыл аймақ» қала тұрғындарының да таза ауамен тыныстауына мол мүмкіндік береді. Аталмыш жоба 1997 жылы еліміздің тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған еді.

Авторы: Іңкәр Қайратқызы