Қостанай облысындағы төрт жылға созылған жол құрылысы. Қандай кедергілер бар

Қостанай облысын елдің батысымен жалғайтын трасса құрылысы төрт жылдан бері жүріп жатыр. Содан бері жүргізушілер айналма жолдың азабын тартып келеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Экономикалық маңызы зор көлік артериясы Тобыл өңірінің төрт ауданы арқылы өтеді. Сағызша созылған жоба қашан аяқталады? Қандай кедергілер бар? Ауқымды жоба екендігіне дау жоқ. Барлығы 114 шақырым жолды бастан-аяқ қайта салып шығу оңай емес. Соның бүгінде басым бөлігі еңсеріліп, 21 шақырымы қалып отыр. Бұл аралық құрылыстың нағыз күрделі бөлігі. Жол табаны қайта төселіп, төрт жолақты қылып кеңейтіледі. Одан бөлек екі жол айрығы, бір темір жол өткелі салынады.

Мағауия Қалиев, тілші:

Бұл жол құрылысындағы басты қиындық мынандай жыра, сайлардың көптігі. Осы жиырма шақырым аралықты тегістеу үшін ғана 3,5 миллион текше метр топырақ қажет екен.

Рудныйдан Әйет өзенінің көпіріне дейінгі 19 шақырым жол құрылысының жобалық-сметалық құны 21 миллиард тенге. Мердігер бұл қаржыны қанағат тұтпай отыр. Рубльдің күрт көтеріліп, материалдардың қымбаттап, кеткендігі жағдайымызды қиындатып жіберді.

Геннадий Убей-Волк, мердігер:

– Біз «ҚазАвтоЖолдың» бас кеңсесіне сметаны қайта есептеуге жібердік. Сотқа да өтініш бердік. Әзірге оның бәрі қаралу үстінде. Мұндай қадамға баруға біздің құқымыз бар. Жол құрылысына қажетті материалдардың бағасы кемі 10 процентке қымбаттап кетті. Су өткізгіш құбырлар, электр жабдықтарына қазір ресейліктер атасының құнын сұрайды.  

Соған қарамастан мердігер жобада көрсетілген талаптарды орындауға міндеттіміз дейді. Оның үстіне бақылаушы органдар да үнемі осында.

Әлібек Қуантаев, жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері:

– Мынау төселіп жатқан асфалттың тығыздығын қараймыз, сосын қалыңдығын қараймыз. Оны зерттеп зертханада, сосын тапсырыс берушіге қорытындысын береміз.

Төрт жолақты бұл жолдың сапасы жоғары және кемі он бес жылға шыдайды. Оның игілігін көпшілік биылдан-ақ көре бастайды.

Андрей Горват, «ҚазАвтоЖол» АҚ ҚОФ директоры:

– Жоба бойынша құрылысты келесі жылы аяқтауға тиістіміз. Бірақ жүргізушілер мен жолаушылардың жағдайын ойлап, биыл қос бағытта қозғалысты ашсақ деп отырмыз.

Ал енді қосымша қаржы сұрап отырған мердігердің талабы орындала ма, жоқ па әзірге белгісіз. Жол құрылысының аяқталу мерзімі бір жағынан соған да байланысты екендігін мамандар да мойындайды.

Авторлары: Мағауия Қалиев. Сергей Трахтенберг