СҚО диқандары түз тағысынан егістікті қалай сақтаудың амалын білмей отыр

Солтүстік Қазақстан облысында диқандарға марал мен елік тыным бермей жатқан көрінеді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жабайы жануарлар мыңдаған гектар алқапты таптап жатыр. Сондықтан дала тағысын атуға рұқсат берсін, дейді шаруалар. Ризығын жерден табатын солтүстікқазақстандық диқандар марал мен еліктің көбейгеніне қуанбайды. Себебі сайын даланың серкелері егінге түсіп, шаруаларды әбден әлекке салған. Олар әсіресе, Есіл ауданында орналасқан қорық маңындағы егістік алқаптарын жаппай бүлдіріп жатыр.

Біржан Ғайсин, шаруа:

Маралдардан кейін бірдеңе алуға болады, екеуден-үшеуден. Доңыздан кейін түкте алмаймыз. Олар қазып тастайды. Жаңағы трактор, соқа сияқты. Олар отбасымен жүреді. Отбасында жиырма болады. Олар ертең түбінде адамдарға да шабуы мүмкін. Шауып та жатыр. Атуға рұқсат берсін онда.

Қазір шарулар Қызыл кітапқа енген жануарларды емес, керісінше олардан қорғануға мәжбүр. Себебі астықты жеп, таптап, тіпті қара жерді жарамсыз етеді екен. Салдарынан шаруалар қып-қызыл шығынға батады. 

Серік Жанапинов, шаруа:

Астықтың жартысын жеп қойды. Біз көктемде қалтамыздан қаржы шығарып, топыраққа минералды тыңайтқыштар енгіземіз. Бірақ күзде өнімділік 4-5 есеге дейін төмендеп кетеді. Пайда болмаса, халыққа пайды қалай төлеуіміз керек?

Қорықтың қоршауы бұзылып, соңғы бірнеше жылда жөнделмеген. Салдарынан жануарлар егістік алқаптарды жайылымға айналдырған.

Аманжол Маекенов, шаруа:

Ерте кездері қорық аумағы қоршаулы болатын. Қазір, міне, не болып жатқанын көріп тұрсыздар. Жабайы жануарлар сыртқа шығып, егінге түсуде. Тіпті көрші аудандарға да жеткен. Мәселені көтеріп жүргенімізге бірнеше жыл болды, бірақ шешімі жоқ.

Аумақта жабайы жануарлардың көбейіп бара жатқанын жауаптылар да мойындап отыр. Дегенмен оларды атуға рұқсат жоқ. 

Николай Гусельников, қорық директоры:

Біз оларды қамауда ұстамаймыз. Тек қыс мезгілінде қолдан қоректендіреміз. Негізінен бұл мәселені шешу үшін оларды басқа облыстарға көшіру керек. Көктем санақ жүргізіп бізде 1400 бас марал, 1900-елік және 337 дала доңызы бар екенін  санадық.

Қазір сайын даланың серкелерін басқа өңірге көшіру үшін арнайы жоба қолға алынды. Енді бұл мақсатқа қанша қаражат қажет екені есептеледі.

Авторлары: Самат Қайырденұлы, Төлеген Иманов