Қаскелең қаласында қордаланған мәселе көп

Қаскелең қаласындағы халық саны жүз мыңға жуықтады. Алматы іргесіндегі елді мекенде жол, жарық және ауыз су мәселесі күрделеніп барады, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін қала тұрғындары шағым айтып арнамызға хабарласты. Қаскелең шетіндегі шағын ауданның тұрғындары өздерін қалада емес ен далада тұрып жатқандай сезінеді екен. Өйткені жібі түзу жол жоқ. Жазда шаңы шығып, көктем мен күзде балшық болып жататын тар көшелермен жүру мүмкін емес. Жарық мәселесі де шешілмей келеді.

Мәдина Дәулетова, қала тұрғыны:

– 2012 жылдан үй салып осы жаққа көшіп келдік. Көп балалы анамын. 6 балам бар құдайға шүкір. Күміс алқа иегерімін. Міне, тағы 7-құрсаққа аяғым ауыр. Жедел жәрдем шақырсақ та бәрінің үйінде 5-6 бала. Өрт қызметін шақырсақ та машина кіре алмайды. Төменнен шақырамыз, кіре алмайды. Зикзак тұр.

Өсербай Мақсұтұлы, қала тұрғыны:

– Қаңғыбас иттер толып жүр. Түнде қараңғы, жарық жоқ. Оқушылар қайтады. Оқушылар қайтқан кезде мен қарап отырамын көшеде. Осылардың біреуін ит тістеп алмасыншы деп.

Халықтың арыз-тілегін тыңдауға қала әкімі Асқар Мұқашев та келіпті. Қаскелеңде 325 көше бар десек, 110 көшеге ғана асфальт төселген. Жыл соңына дейін тағы 10 көшенің жөнделетінін айтты. «Жалпы бұл жердегі жағдайдан хабарым бар. Бірақ қала өскен сайын атқарылатын шаруада көп. Сондықтан барлық мәселені кезең-кезеңмен шешіп жатырмыз», дейді қала басшысы.

Асқар Мұқашев, Қаскелең қаласының әкімі:

Екі жүзден астам көшеге жедел түрде көмек керек. Жөндеу керек. Осындай жағдайлар болып жатыр. Енді қаражатқа байланысты осы жасаймыз жолдарды. Қазір енді бірінші тамызға дейін халыққа осы тұрғындарынмен кездесіп 1 тамызға дейін мерзім алдық. Қаражатқа байланысты. Қаражат болып жатса, бір орталық көшеге жарық тартуға мүмкіндік іздестіреміз.

30-шы квартал тұрғындарының асфальт пен жарықтандырудан басқа да тілегі бар. 

Қарлығаш Сәрсенбайқызы, қала тұрғыны:

– Интернет, мектеп керек. Балалар алаңы сосын егер қолынан келіп жатса, оны да сұраймыз. Мынау Қаскелең қаласына кіреді ғой. Сол себептен дұрыс өмір сүру үшін жағдай жасасын әкім.

Шағын ауданда 2020 жылы басталған 1500 орындық аралас мектептің құрылысы құжат бойынша осы жылы аяқталу керек екен. Бірақ қаржыландыру болмаған соң жұмыс тоқтап тұр. Ал жергілікті билік өкілдері бұған тапсырыс беруіші облыс әкімдігі жауапты екенін айтады.

Авторлары: Жандос Айтбайұлы, Әбен Нарынбаев