ШҚО-дан аттанған майдангердің топырағы елге жеткізілді

Екінші дүниежүзілік соғыста ерлігі ескерусіз қалған батырлар аз емес.

Кеңестік заманда батылдығы лайықты бағаланбаған сондай жауынгердің бірі Әбілғазы Кенжалин.

1941 жылы Шығыстағы Ұлан ауданынан майданға аттанған азамат 1945 жылы наурызда Латвия жеріндегі қиян-кескі ұрыста қаза табады. Панфилов атындағы атқыштар дивизиясына қарасты полктардың бірінде рота командирі болған ол, шайқаста жүздеген жаудың көзін жояды. Үш рет жараланады. Осындай ерлігі үшін Кеңес Одағы батыры атағына ұсынылғанымен тек l және II дәрежелі «Отан соғысы» ордендері беріледі. Батырдың ұрпақтары көп жылдан кейін оның Латвияда жерленгенін анықтады. Жақында сол жерден бір уыс топырақ туған жері Тайынты ауылындағы ата-бабасы жатқан зиратқа әкелінді. Құлпытас орнатылып, құран бағышталып, ас берілді.

Ербол Кенжалы, Ә.Кенжалиннің немересі:

- Ол кезде әділетсіздік орын алып, атамызға Кеңес Одағы батыры атағы берілмей қалды. Командирі Бауыржан Момышұлына да берілмеді. Халық қаһарманы атағы берілсе дейміз. Бұл біздің ғана атамыз емес, Қазақстан деңгейіндегі батыр. Қазақтың батыры.