Алматыда 191 адам коронавирус жұқтырды. LIVE

Қазақстанда өткен тәулікте 330 адам коронавирустық инфекция жұқтырған. Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, 1700-ден астам адам ем алып жатыр. 12-нің жағдайы ауыр. Ауру жұқтырғандардың ең көбі Алматыда тіркелген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бүгін қаланың бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің коронавирустың таралауына жол бермеу, аурудың алдын алуға байланысты жаңа қаулысы күшіне енді. Алматыдағы арна тілшісі Гүлжан Көленқызы тікелей байланысқа шығып, қаладағы эпидахуал жайлы баяндады.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

– Бұған дейін Алматының коронавирустық инфекцияның таралуы бойынша қайтадан «сары аймаққа» түскенін айтқан болатынбыз. Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, соңғы тәулікте қалада 191 жағдай тіркелген. Науқастардың көбіне стелс-омикрон штаммы диагнозы қойылған. Дәрігерлер ауру белгілерімен бұрыннан таныс, сондықтан емдеудің ең тиімді әдістерін қолданылуда. Дегенмен, ең дұрысы, аурудың алдын алу. Алматы қаласының бас мемлекеттік санитарлық дәрігерінің қаулысында белгіленген профилактикалық іс-шаралар дәл осыған бағытталған. Құжатқа сәйкес, жұмыс берушілерге жүкті және вакциналауға қарсы көрсетілімдері бар, сондай-ақ аурумен байланыста болған адамдарды қашықтан жұмысқа жіберу ұсынылды. Сонымен қатар адам көп жиналатын қоғамдық орындарда тұрғындарға бетперде тағу ұсынылды. Алайда бүгін қоғамдық көлікте бетперде тағып жүргендер өте аз. Дегенмен жаңа қаулының ұсыныстары міндетті емес екенін ескеру керек. Ал аурудың өршіп кетпеуі үшін дәрігерлер шетелге бармауға кеңес беруде. Сондай-ақ инфекцияны ауыздықтаудың бірден-бір жолы вакцина екенін естен шығармаған жөн. Бүгін санитарлық эпидемиологиялық қадағалау департаментінің мамандары қаладағы эпидахуал бойынша брифинг өткізбек. Жаңа мәліметтерді алдағы шығарылымдарда баяндайтын боламыз.