Маңғыстау облысында карьерлер тексеріліп жатыр

Маңғыстау облысында 18 мыңнан астам тұрғыны бар ауылдың маңындағы карьерлерді тексеру басталды, деп хабарлайды «Хабар 24».

12 карьерде күн сайын тас уату жұмысы жүргізіледі. Шетпе халқының шаң жұтып отырғанына 20 жылға таяды. Биыл бас прокуратура халық талабын ескеріп, мораторийге қарамастан рұқсат берді. Қазір бірнеше уәкілетті мекеме өкілдерінен құралған комиссия жұмыс істеп жатыр. Шетпе – Маңғыстау ауданының орталық елді мекені. Іргесінде 25 карьер тұр. Халық саны өсуімен жер үйлер 12 карьерге тым жақын салынған. Содан бері тұрғындар жарылыс дүмпуі мен ала шаңнан зардап шегіп келеді. Таудан тас өндіруші кәсіпорындарға экологиялық талаптарды орындамағаны үшін соңғы жылдары бақылау тіптен күшейді. Сәйкесінше шаңның азайғаны байқалады.

Нұрлыбек Құлжабаев, ауыл тұрғыны:

Алдыңғы жылдан қарағанда биыл жақсы, жаман емес. Бірақ мәселе шешілген жоқ. Шаң енді азайғанда кірме-шықпа жолдарда көлік жүретін, ауыр жүк көліктері солардан да шаң өте қатты бар. Ал былай қазіргі таңда карьердің өзінен шаң ондай көрінбейді.

Соңғы екі жылда 4 карьер Шетпе ауылынан қашық жерге көшірілді. Тағы біреуі жабылды. Қалғанына жергілікті атқарушы орган тарапынан бірқатар нақты ұсыныс берілген.

Асқар Аққұлов, Маңғыстау ауданы әкімінің орынбасары:

– Карьер иелері – кәсіпкерлерге осы халықтың наразылығы бойынша шаңды шығармау бағытында ұсыныстар айтылды. Оның бірі – жұмыс проецесі кезінде су себу жұмыстары. 50 процентке дейін шаң шығармау жұмыстарына қол жеткіздік деп есептейміз.

Тауды уатып, құрылысқа шикізат шығарып отырған кәсіпкерлердің де айтар уәжі бар. Өндірісті басқа жерге көшірген соң кейбірі шығынға батып, жұмысшыларды қысқартуға мәжбүр болған. «Біз үшін халықтың денсаулығы басты орында. Арнайы комиссия жұмысының нәтижесі алдағы уақытта белгілі болады», – дейді жауапты мамандар.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Саламат Бекбаев