Елордада әлеуметтік кәсіпкерлік мамандығы бойынша оқыған алғашқы түлектер диплом алды

Университет қабырғасында 2 жыл бойы білім алған 4 магистр осы салада өзінің жобаларын әзірлеп үлгерген, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар тек өзінің бизнесін дамытып қана қоймай, әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі жандарды жұмыспен қамтып отыр. Магистрлерге әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытудағы тәжірибесі мол мамандар сабақ берді. Олар жоба моделін әзірлеп, бизнестің бұл түрін дамыту тәсілдерін жетік меңгерді. Айта кетерлігі, бұрын соңды отандық жоғары оқу орындарының бағдарламаларында бұл мамандық болған жоқ. Университет жетекшілері алдағы уақытта бұл курсқа деген сұраныс артып, жылына 10-15 адам оқуға түседі деген үмітте.

Эмин Әскеров, әлеуметтік кәсіпкер:

- Мұнда жиналған оқытушылар тобы – өз ісінің білікті мамандары. Олар бізге әлеуметтік кәсіпкерлік жобаларын іске асыру жолдарын үйретті. Соның арқасында түлектер өзінің кәсібін бастап та кетті. Мемлекет басшысы бұл саланы дамытуға баса назар аударып отырғанын ескерсек, Қазақстанда әлеуметтік кәсіпкерліктің болашағы зор деп сеніммен айтуға болады.