Қанттың келісі 250 теңге. Әлеуметтік желіде алаяқтар халықты алдап соқты

Қант тапшылығын енді алыпсатарлар ғана емес, алаяқтар да пайдаланып жатыр. Оралда тәтті тауарға онлайн тапсырыс берген тұрғындар сан соғып қалды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Әлеуметтік желіде әлдекімдер қанттың келісін 250 теңгеден ұсынған. Арзан бағаға асыққан тұтынушылар тауарға қапшықтап тапсырыс береді екен. Ал алдын ала төлемді талап еткен алаяқтар кейін ұшты-күйлі жоғалған. Полиция қызметкерлері дәл осындай оқиғаға қатысты 2 дерек тіркелгенін мәлімдеді. Алайда онлайн отырып, опық жеп қалғандар саны әлдеқайда көп болуы мүмкін.

Ілияс Мұқанов, облыстық криминалдық полиция басқармасының жедел уәкілі:

– Алаяқтар тұтынушылардың барлығынан алдын ала төлем алған. Мысалы, «Шымкент қаласынан 5 қапшық қант жөнелтемін» деп 30 мың теңге алған. Кейін тұтынушының байланыс нөмерін бұғаттап, хабарсыз кеткен. Қазір осындай оқиғаларға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.