Елордада жастарды жұмыспен қамту жәрмеңкесі өтті 

Елордада жастар мен жаңадан бастаған кәсіпкерлерге арналған бос орындар жәрмеңкесінде 60-қа жуық кәсіпорын жұмыс ұсынды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бұл жақында жоғары оқу орындарын бітірген студенттерді өз штатына ресми қабылдауға дайын компаниялар. 29 жасқа дейінгі жұмыссыз жастарға басымдық берілді. Бүгінде ел жастарын жұмыспен қамту күн тәртібіндегі маңызды мәселе. Биыл бұл істі мүмкіндігінше жолға қоюға үлкен күш жұмсалуы тиіс екені нақты айтылды. Осы орайда Елордада бос жұмыс орындар жәрмеңкесі өтіп, еңбек өтілі жоқ жастарға екі қолға бір күрек табуға мүмкіндік туды.

Ерлан Жүсіпов, жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасы басшысының орынбасары:

– Жұмыс берушілер тәжірибесі жоқ мамандарды жұмысқа қабылдауға дайын. Бүгінгі жәрмеңкенің ерекшелігі де осында. Сондай-ақ 150 мыңнан төмен айлық ұсынылмайды. Бұл биыл қолына диплом алған жас маманға таптырмас мүмкіндік.

Кәсіби жолын енді ғана бастаған жас мамандарға 2 мыңнан астам бос жұмыс орны ұсынылды. Қала экономикасының 70% жуығы шағын және орта бизнес есебінен қалыптасады. Сондықтан елордада кәсіпкерлер үшін ашық есік күні қатар өткізілді. Мұнда оларға мемлекеттік қолдау шаралары туралы кеңес беріледі, сондай-ақ жеке ісін ашу үшін қандай гранттар мен кредиттер алуға болатыны айтылды.

Нұржан Әшімов, инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының бөлім басшысы:

– Бүгінгі іс шарада 17 қаржы ұйымы қатысуда. 12-сі екінші деңгейлі банктер, 3 микроқаржы ұйымдары және 2 несие корпорациясы бар. Қаржы ұйымдарынан бөлек даму институттары бар.

Биыл жұмыспен қамту орталығы 18 жәрмеңке өткізген жыл соңына дейін тағы осынша өткізу жоспарлап отыр. Елордада жұмыссыз ретінде 6 мыңға жуық адам тіркелген.

Авторлары: Гүлзия Нақыпқызы Жандос Битабаров