Алматы облысының бағбаны орман жаңғағын өсіріп отыр

Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданында нағыз еңбекқор жан тұрады. Егін егіп, бау-бақша өсірумен айналысатын фермер Мәншүк Жексембекованың ауыл шаруашылығын дамыту ісінде жетістігі мол, деп хабарлайды «Хабар 24».

Көп жыл бой арпа мен бидайдың элиталық тұқымын шығарды. Үнемі ізденісте жүретін шаруа енді орман жаңғағын өсіре бастады. Бұл іске ауыл жастарын тартып, бар білген тәжірибесін үйретумен келеді.      

Алмас Садуақас, тілші:

Бес жыл бұрын Түрген тауының етегіндегі 81 гектар егін алқабына грек және орман жаңғағы егілді. Орман жаңғағын ауқымды көлемде өсіру елімізде жоқ тәжірибе. Елді елең еткізген бұл бастаманы қолға алған Мәншүк Әбіханқызы. Адал еңбекті мұрат қылған шаруаның жанкештілігінің арқасында қазір жаңғақ жайқалып өсіп тұр.

Тау бөктерінің жер жағдайы, топырағы мен табиғаты фундук, яғни орман жаңғағын өсіруге өте қолайлы. Шаруа қожалығын дамытуды ойлаған Мәншүк Әбіханқызы осы іске ден қояды. Сөйтіп италиялық серіктестерімен бірлесіп жаңғақты жерсіндіруді қолға алады. Бастапқыда тәжірибелік мақсатта дақыл 10 гектар жерге отырғызылады. Жыл сайын ауқымы кеңейіп, қазір бір фундуктың өзі 64 гектарда өсіп тұр. Ал ауқымды жерді игеріп, күтіп-баптау оңай жұмыс емес.

Дәуір Момбаев, шаруа қожалығының қызметкері:

– Бір орында тұрмайды ол кісі. Жаңа технологияны енгізгенге ұмтылып тұрады әрқашанда. Шетелдерге жібереді, оқытады. Мен өзім Италияға барып келдім. Мәншүк Әбіхановна бастығымыз жіберіп тамшылатып суару әдісін түгел бас-аяғынан соны үйрендім.

Келешекте орман жаңғағының әр гектарынан 3 тонна өнім жинау жоспарланып отыр. Ол шоколад, балмұздақ өндірісінде кеңінен қолданылады. Бұған қоса 17 гектарға грек жаңғағы егілген. «Жаңғақ көпжылдық өсімдік. Бір-екі жылда жеміс бермейді. Өнімді молынан алып, еңбектің берекесін көруге жылдар кетеді. Ауыл шаруашылығын дамытуда кедергілер жиі кездеседі. Бірақ соған төзіп, адал еңбек еткен адам ғана жетістікке жететіні анық», – дейді кәсіпкер.    

Мәншүк Жексембекова, шаруа қожалығының басшысы

Жаңғақ өнімі негізінде бір жылдық емес, 5 жылдық емес бұл деген 1 ғасырлық өнімдер. Сол үшін жастар жұмыс істесе, оның болашағын көрсе, ол тіпті жақсы. Біздің командада көбісі жас мамандар. Сол үшін мен оларға алғысымды айтамын маған сеніп, осы салаға бастарын сұғып, осыны алға алып бара жатқандарына өте ризамын.

Фундук, грек жаңғақтарымен қоса бадам дақылының көрікталдары да желмен ырғалып, тербеліп тұр. Ағаштардың арасын арпа егілген. Бұл арамшөптерді азайту үшін жасалған агротехникалық амал екен. Жанында білімді де білікті мамандар барда Мәншүк Әбіханқызының жаңғақ бағы жайқала бермек.

Авторлары: А.Садуақас, С.Жұмабаев