ШҚО-дағы күре жолдарда апаттың жиілеуіне не себеп

Өскемен – Риддер тас жолы көлік апаты жиі болатын ең қауіпті бағыт. Облыстағы полиция қызметкерлері өңірдегі көлік қозғалысына талдау жасап, осындай тұжырымға келді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бар болғаны 170 шақырымға жуық жолды жүріп өту жолаушылар үшін үлкен қорқынышқа айналды. Өскемен – Риддер тас жолы. Қашықтығы 200 шақырымға да жетпейді. Осы бағытта жол апаты болды дегенге қазір өңір жұртының құлағы үйрене бастаған. Жыл басынан бері 16 ірі жол көлік оқиғасы тіркелді. Екі адамның өмірі қиылды. Тіпті әлеуметтік желіде осы жақта жолдан ұшқан, соқтығысқан, соғылған көліктер туралы ақпарат жиі шығады. Жап-жақын қалаға жету мұңға айналған. Әрі-бері жүрген жұрт мұның себебін жолдың тозуынан көреді. Солтанбек Әбішбеков жолаушылар тасымалдайды. Әр рейс сайын аман-есен жетсек екен деп, алаңдап бітем дейді ол.

Солтанбек Әбішбеков, автобус жүргізушісі:

– Апат болып жатқан сол шұңқырдан ғой. Шұңқырға түседі кетеді, дөңгелек кетеді, ходовка кетеді, қанша ақша түседі шығынға. Шұңқыр ғой жолда бәрі істелмеген сапа жоқ.

40 жыл бойы көлік жүргізген Владимир Кузьмин талқаны шығып жатқан осындай жол көрмеппін дейді. Сондықтан бұл трассада апаттан құтылып, діттеген жерге аман жетудің өзін бір жеңіс деп санайды.

Владимир Кузьмин, Риддер қаласының тұрғыны:

Шұңқырдан қашсаң, қарсы бағыттағы жолға шығып кетуің мүмкін,онымен жүрсең, алдыңнан жол сақшысы сап ете қалады. Сондықтан қалай жүрсең де әйтеуір бір шығынға ұшырайсың.

Жолдың сапасын былай қойғанда аталған бағытта 10-нан астам қауіпті жол бөлігі анықталды. Полиция департаменті болса, патрульдік полиция құрамын күшейтті. Енді бұрынғыдай екі емес төрт экипаж жұмыс істейді. Бақылап қана жүрмей, қауіпті ескертіп, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Санат Қасымов, облыстық ПД жергілікті полиция қызметінің аға инспекторы:

– 14 учаске саналып шықты,қауіпті учаске болып саналып шықты.Ол учаскенің ішінде бізде үлкен жоталар, еңістер, қауіпті бұрылыстар саналып шықты сол сала бойынша жол көлік оқиғасы көп орын алған.

Жол сапасын бақылаушылар да бұл тас жолдың шұрық-тесігін санап біте алмай жүр екен. Жыл басынан бері 7 рет тексеріп 17 кемшілік анықтаған.

Айдос Қабылбаев, облыстық жол активтері ұлттық сапа орталығының инженері:

– Негізі көп кездесетін ақаулар ойықтар, жол төсемінің бүлуінуі, суағардың әсерінен жол төсемдері бүлінеді, жол жиегіндегі шөптердің уақтылы шабылмауы, жол белгілерінің ескіруі жағдайы осындай кемшіліктер.

Жаз шыға аймақта жол апаты тіпті көбейеді. Өйткені табиғат аясына асығатындар көп.

Эльмира Ахметова, тілші:

Алты айдың ішінде облыста 300-ге жуық жол көлік апаты тіркелген.Осылайша 48 адам мерт болды. Әсіресе соңғы екі айда республикалық маңызы бар трассаларда жол апаты жиілеп кетті. Өйткені жаз мезгілі еңбек демалысына шыққандар көп, сәйкесінше демалыс базаларына ағылған көлік легі де көп.

Айтпақшы Риддердің өз басында да жағдай мәз емес. Жол апатынан көз ашпай отыр. Өткен күзде шаһарда қоқыс төгуге шыққан 10 жасар баланы көлік қағып көз жұмды. Жақында тағы да бір кішкене бала зардап шекті. Бұдан өзге ұсақ-түйек апаттар күнсайын дерлік тіркеледі.Жергілікті мамандар қайғылы оқиғаларды болдырмау үшін қолдан келгенін істеп жатырмыз дейді. Биыл 8 жаяу жүргіншілер жолы жарықтандырылыпты.

Авторлары: Эльмира Ахметова Жігер Бабаханов