Елордада мүмкіндігі шектеулі әйелдер бірлесіп ашқан тігін цехы бар

Елімізде мүмкіндігі шектеулі жандардың жұмысқа орналасуы қиын. Кәсіпкер Аягөз Шнайдер мұндай жағдайды өз басынан өткергенін айтады. Сөйтіп, өздері ұйымдасып ортақ іске жұмылыпты.

Аягөз Шнайдер өзі сияқты тағдырлас жандардың басын қосқан. Осыдан біраз жыл бұрын жолдасынан айырылған ол, инсульт алады. Денсаулығы сыр бергеннен соң жоғарғы екі білімі болса да жұмыссыз қалыпты. Осыдан кейін 3 жыл бұрын іс тігуді үйрене бастаған. Кейін тігін цехын ашып, тасы өрге домалаған кәсіпкер болды. Бұл цехта тек мүмкіндігі шектеулі адамдар жұмыс істейді.

Аягөз Шнайдер, кәсіпкер:

- Пандемия кезінде маска тіге бастадым. Білгенімді кәдеге жаратудың арқасында пайдалы іспен айналысып жатырмын. Өнімдерге үздіксіз тапсырыс түсіп тұрады. Қаладғы үлкен дүкендерден тапсырыс түседі.

Тігін цехында жұмыс киімдері, экосөмкелер, тіпті балаларға арналған киім-кешек те тігіледі. Енді көп балалы ана тігін орталығын ашып, ерекше балаларға тігін тігуді, кесте тоқуды үйреткісі келеді.

- Аягөз ханым, мына бір экосөмкені жасауға қанша уақыт кетеді?

- 20 минутта жасап шығамыз. Тіпті бір сағатта 12 көрпеше жасай аламыз.

Қағілез әйел көп ойланбады. Бірден бизнес негіздерін үйреніп, қажетті жабдықтарды сатып алды. Міне қол астындағы 11 адамға жұмыс беріп отыр. Тігін цехындағы жұмысшылардың мамандығы әртүрлі. Бірақ диагнозына байланысты ешқайсысы да тұрақты жұмыс таба алмай жүрген.

Айнаш Тұяқова тігінші:

- Аяқ астынан 2012 жылы инсульт алдым. Сол кезде жұмыссыз жүрдім. Жұмыс іздей бастады. Содан осы Аягөз апайға келіп едім ол кісі бірден қабылдады. Содан бері бір жыл өтті осында тігінші болып жұмыс істеп жатырмын.

Бүгінде елде 700 мыңнан аса мүмкіндігі шектеулі жан бар. Олардың жұмыспен қамтылғаны аз. Ал осындай тағдырлас жандардың бір-бірін қолдауы сауапты әрі өнегелі іс. 

Гүлзия Нақыпқызы Ержан Рахманбердиев