loader


Балалар жылы Қызылорда облысында ерекше шара өтті

Балалар жылы Сыр өңірінде ерекше шара өтті. Қазақылықтың қаймағы бұзылмаған Мәдениет елді мекенінде қала жастары ауылдың тұрмыс-тіршілігімен, ұлттық құндылықтармен танысты. Қыздар ұлттық тағамдар дайындап, қолөнерге машықтанса, ұлдар атқа мініп, ұлттық ойын түрлерін үйренді.

Нарқыз 6-сынып оқушысы. Нұр-Сұлтан қаласында тұрады. Жазғы демалыста Мәдениет ауылындағы атасы мен әжесіне қыдырып келген ол, күтпеген жерден тағылымды шараның куәсі болды. Тіпті жүн сабап, ұршық иірудің қыр-сырын да үйренді.

Нарқыз Ерболат, Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны:

- Ауылдағы бүкіл тұрмыс-тіршілікті көрсетті. Ауасы таза, табиғаты да әдемі. Ауылға қайтып келгім келді.

Шараға өмірдің қиын жағдайында қалған балалармен қатар, қаладан ауылға қыдырып келген өрендер де қонақ болды. Олар ұмыт қала басатаған қолөнер бұйымдарын өз қолдарымен жасап көрді. Түрлі ұлттық ойын түрлеріне қатысып ойды да, бойды да сергітті. 

Асхат Мұстафаев, Қызылорда қаласының тұрғыны:

- Мысалы, мен ләңгі ойнауды үйрендім. Асық ойнауды үйрендім. Мен үшін бұл үлкен мереке, себебі қазіргі мәселе – көп жастар үйде отырады, тек қана телефонда отырады. Басқа салт-дәстүрлерді ұмытып кеткен.

Қалдыбек Сарбасов сексеннің сеңгіріне шыққан ауылдың абыз ақсақалы. Бала күнінен жылқы баптаудың қыр-сырын меңгерген. Қазыналы қария да бар білгенін балалармен бөлісті.

Қалдыбек Сарбасов, мәдениет ауылының тұрғыны:

- Бүгін балаларға аттың ертұрманын көрсеттік, атты көрсеттік, көкпарды қалай алатынын көрсеттік. Мініп түсуін көрсеттік. Ата-бабамыздан қалған жол. Жастар енді осыны көріп, қызықтап жатыр ғой. Көргенін істейтін шығар. 

Ауыл өміріне араласқан балалар еңбекқор, шымыр болып өседі. Өйткені ұлттық ойындар мен салт-дәстүр игіліктері жастардың рухани әрі физикалық тұрғыдан дамуына мүмкіндік береді. Тағылымы мол мұндай шараларды оқушылардың жазғы демалысында жүйелі түрде өткзуді қолға алу керек, дейді ауылдықтар.

Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин

Сондай-ақ...