Павлодарлық бағбан жазық даланы бақшаға айналдырды  

Павлодар облысының Алексеевка ауылының тұрғыны бидай алқабына көкөніс пен бақша дақылдарын еккен, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шарбақты ауданының құнарлы топырағында әдетте бидай өсетін. Биыл алғаш рет көкөніс алқабы пайда болды. Дәнді-дақылдардың ортасында қырыққабат, қауын-қарбыз, қияр мен қызанақ жайқалып тұр. Марат Қарабаев бәрінен бұрын бұршақ жаумаса екен деп тілейді. Басқа қорқыныш жоқ. Су бар, күннің қызуы жеткілікті.  

Марат Қарабаев, ауыл тұрғыны:

Бұрын құрғақшылықтан қорқатын едік. Қазір тамшылатып суару технологиясы қолданысқа енді. Ұңғыма қазып алдық. Жаңбыр жаумаса да ылғалды орта қалыптасқан. Суға ақша төлемейміз, қолжетімді.

Бұл жерде жер асты сулары жақын екен. Үш метр тереңдіктен шығыпты. Қолмен ұңғыма қазып мотопомпа қойған. Бақша салатын жерді жыртқаннан кейін тамшылатып суару жүйесін орнатқан. Көкөніс өсіруші барлық тыңайтқыштардан бас тартқанын айтады. Тек табиғи шірінділерді қолданады.

Марат Қарабаев, ауыл тұрғыны:

Біз табиғи шіріндіні су сепкішке құйып, магистарльға қосамыз. Тыңайтқыш ары қарай ақырындап, жылжып отырады. Осылайша аптасына екі рет жібереміз. Бұл органикалық қоспа. Ешқандай химия жоқ.

Еңбекқор ауыл тұрғыны тәжірибелік алқапқа онға жуық бақша дақылдары мен көкөніс түрлерін салыпты. Өнімнің қалай шығатыны күзде белгілі болады. 

Марат Қарабаев, ауыл тұрғыны:

– Осындай ашық алаңға бұрын-соңды ешкім көкөніс егіп көрмеген. Мен бірінші болып тәуекелге барып отырмын. Кейбіреулер мені әпендіге теңеп жатыр. Бірақ өз-өзіме сенімдімін. Күн сайын келіп, алқапты аралап шығамын. Жапырақтарын тексеремін.

Келесі жылыМарат Қарабаев жаңа технологияларды енгізуді жоспарлап отыр. Өсімдікті үсіктен қорғайтын жылыжай салып, ерте пісетін өнім түрлеріне басымдық берсем дейді. Сайын далада желдің екпіні тым қатты. Оны бәсеңдету үшін жағалай жүгері салу ойында бар.

Абзал Өміржанов, Александровка ауылдық округінің әкімі:

– Биыл өзі сол оқуға барғысы келеді. Мемлекеттік грант 1 миллион 200 мың қайтарымсыз грант алғысы келіп отыр. Сондықтан осы келесі айда сол оқуға біз оны тіркеп қойдық. Басталған кезде оқуға барады және де ең басты мәселе бізде енді өздеріңіз білесіздер ғой, жердің тапшылығы болғандықтан әкімшілік тарапымен бәріміз осы жерді бердік. 50 гектар жер бердік. Сол 50 гектар жерінің 10 гектарына Марат өзіңіз көріп отырғандай көкөністердің бәрін егіп отыр.

Алексеевка ауылында көкөніс өсіретін алқап жетеді. Ауылдық әкімдік үш жүз гектар жерді бөлуге даяр. Өйткені астықты ауданда бұрын ешкім бақша дақылдарын өсірумен айналыспаған.

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат