Жамбыл облысында жерді тиімді пайдалану бес бағыт бойынша жүзеге асырылып жатыр

Аймақтағы әкімдіктің жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосыновтың айтуынша, ең алдымен елді мекендерден тыс орналасқан мал жаю жерлерін ауылдық округтерге бекіту қажет, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Жамбыл облысында жыл соңына дейін ауылдық округтерге 106,9 мың гектар жер беріледі. Бүгінгі таңда тек Жамбыл ауданында 706 гектар жер берілді. «Содан соң ауылдардан бес шақырым радиуста орналасқан жайылымдық жерлерді мемлекеттің меншігіне қайтару керек. Жоспар бойынша – 165,6 мың гектар болса, 6 айдың қорытындысымен 5 мың гектар қайтарылды. Үшінші, орман қорында орналасқан жайылымдарды да пайдалану өзекті. Әзірге тек 132 адам 112,1 мың гектар жерді иеленді», – деді басқарма басшысы. Ол төртінші бағыт ретінде жер пайдаланушылармен меморандумға қол қою мәселесін атады. Соған сәйкес, олар мал жаюға кедергі жасамауға міндеттеледі. Бүгінгі таңда 2071 тұрғынмен 487 мың гектар жерді пайдалану туралы келісімге қол жеткізілді. «Ал бесінші бағыт – пайдаланылмайтын ауыл шаруашылығы жерлерін айналымға қайтару. Жалпы 145,9 мың гектар жерді мемлекеттік меншікке қайтару жоспарлануда, 6 ай ішінде 52,6 мың гектар қайтарылған.