Павлодарда әлеуметтік баспананың сапасы сын көтермейді

Павлодарда мемлекеттік бағдарламамен салынған көп қабатты үйдің тұрғындары құрылыс сапасына наразы. Небәрі екі жыл бұрын қолданысқа берілген нысанның қабырғасына сызат түсіп, шатырынан су кеткен.  Әсіресе соңғы қабаттағы пәтер иелері зардап шекті. 

Мүмкіндігі шектеулі Сәуле Нұриманова пәтер кезегінде 15 жыл тұрған. Екі жыл бұрын баспаналы болып, төбесі көкке жете қуаныпты. Алайда қуанышы көпке бармады.

Сәуле Нұриманова, тұрғын:

- Олқылықтар бар. Әсіресе сантехника жағы нашар. Пәтерге кірген кезде су жүйесі қирап қалды. Кей кездері өзіміз жөндеп жүрдік. Жауапты мамандарға да хабарластық. Олар анда-санда келіп жөндеді. Бірақ сапасы көңіл көншітпейді.

Ал көп қабатты үй төбесінің жағдайы осы. Жаңбыр жауса болғаны, тоғызыншы қабаттағы пәтерлерге су кіреді. Әлеуметтік баспана иелері жалдамалы пәтерді жөндей алмайды. Сондықтан жауапты органдарға қарап отыр.

– Если все сверху промокает, то надо пологать она может развалиться, там дыра наскозь..

Людмила Гетманская тоғызыншы қабатта тұрады. Балалар үйінің түлегі бірнеше жыл кезекте тұрып, көптен күткен үйге ие болған. Оның айтуынша, жоғары қабаттағы пәтерде тұрудың өзі қорқынышты.

Людмила Гетманская, бастамашыл топ өкілі:

- Екі ай бұрын тоғызыншы қабаттағы пәтердің төбесі опырылып түсті. Ал көршімнің үйінде балалар бар. Қуанышымызға орай, ешкім зардап шекпеді. Жарық құралдарын орната алмаймыз. Себебі су сорғалайды. Жағдай түзелсе дейміз. Үйімізді жөнге келсе екен.

Көп қабатты үйде 108 пәтер бар. Баспанаға кезекте тұрғандар, көп балалаы отбасылар, мүмкіндігі шектеулі азаматтар мен ата-ана қамқорлығынан айырылғандар армандаған үйіне қол жеткізді. Тұрғындар бір жыл бұрын дабыл қаққан. Жауапты мамандарға шағымданып, хат жазған. Алайда мәселе толық шешілмей келеді.

Асқар Ажмұрат, Павлодар қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Біз мердігер ұйымға хат жаздық. Ескерту жасадық. Қазіргі уақытта жөндеу жұмыстарына кірісіп жатыр. Бірінші кезекте нысанның шатырын жөндейміз. Себебі кірпіштер үгітіліп, пәтерлерге су ағып жатыр. Мердігер өз міндеттерін кепілдік мерзімі аясында атқарады.

Материал әзірленіп жатқанда тұрғындар жөндеу жұмыстарының басталғанын хабарлады. Алдымен үйдің сыртқы жағы, кейін пәтерлердің іші жөнделмек. Сонымен қатар қираған терезелер ауыстырылады.

Ақмарал Есімханова, Самат Оспанов, Жеңіс Темірболат