Қарағанды облысы Ақтоғай ауылында сегіз үйдің құжаты жоқ

Осыдан 10 жыл бұрын мемлекеттік бағдарламамен салынған үйлердің бүгінгі сиқы осы. Сыз тартқан қабырғалары жарылып, едені шіріп жатыр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жөндейін десе, үйдің құжаты жоқ. Тұрғындар құйған қаржымыз желге ұша ма деп қауіптенеді.

Ермек Байжігітов, Ақтоғай селосының тұрғыны:

- Үйдің құжаты жоқ. Атымызға аумағаннан кейін мұны қалай жөндейміз мысалы. Былай өзіміз үшін шіріп кеткен жерлерін жөндейміз. Енді қазір өзімде жұмыс та жоқ. Көшіріп әкелгенде ойбай қатырамыз, жұмыс тауып береміз деген.  

Ақтоғай селосының Сана би көшесінде орналасқан 8 үйге 2012 жылы болашағы жоқ шалғай ауылдардың тұрғындары көшірілген. Содан бері он жыл өтті, үйдің құжаты әлі күнге берілмеген. Ал әуелде 5 жыл бойы жалдау құнын үзбей төлесе, кейін баспана меншігіне өтеді деген келісім болған.

Меруерт Қауымбекова, Ақтоғай селосының тұрғыны:

- Бес жылдан кейін документін береміз деді, оған дейін арендасын төлеп тұрасыздар деді. 2012 жылдан бері неше жыл болды, әлі алған жоқпыз документін. Құжаттан бұрын құлап қала ма деп алаңдаймыз ғой. Болотаға салынған үй ғой. Қабырғалары айырылып жатыр былай. 

Аудан әкімінің орынбасары Қайрат Қошантаевтың айтуынша, жауапсыз мамандар үй құжаттарын жоғалтып жіберген. 2015 жылы барлық құжаттар электронды форматқа көшкен кезде бұл баспаналардың біраз құжаты болмай шығады. Құрылыс бөлімінің мамандары тұрғын үй коммуналдық шаруашылық бөліміне тапсырмаған. Оның үстіне екі пәтерлі үйге бір жер актісі, бір техникалық құжат берілген. Ал қазір талап басқа.

Қайрат Қошантаев, Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары:

- Ең қиын болып тұрғаны бізге жаңағы қабылдау актілері жоқ. Ал қабылдау актісіз бүгінгі күнде мынау ЦОН дейміз ғой, солар жаңағы қабылдау актісіз үйді қабылдамай отыр. Онсыз тіркеуге алмайды әділет басқармасы. Осындай талап бар бүгінгі күнде. Соған байланысты біз қабылдау актілерін сотқа беріп, тұрғындарды қатыстырып, салған мердігерлерді қатыстырып, солармен жаңағы қабылдау акітісі бар деген құжаттарды алып жатырмыз. Архивтен арнайы анықтама алдық. Сол құжаттар, қабылдау актілері біткеннен кейін ол үйдің құжаттары толық ретке келтіріледі.   

Ең сорақысы, 2018 жылы дәл осы «Қолжетімді баспана» мемлекеттік бағдарламасымен мұнда тағы екі үйдің құрылысы басталған. Сол жылы кезекте тұрған мұқтаж отбасыларына тапсырылу керек еді. Бірақ мердігер жұмысты аяқсыз қалдырады. Қараусыз жатқан ғимарат қазір қирап жатыр. Жалпы бұл екі үйдің құны 30 млн теңге болса, соның 11 млн-ы игерілген. Қазір әкімдік жауапсыз мердігерді сотқа берді. Енді сот үкімі әкімдіктің пайдасына шешілсе, басқа тендер өткізіп, құрылысты аяқтау жоспарда.

Авторлары: Ардақ Асылханұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар