Түркістан облысында сирек кездесетін дәрілік өсімдіктер жойылып барады

Ғалымдар осылай деп дабыл қағып отыр. Табиғат жанашырларының сөзінше, өңірде жасыл желек жайқалған жерлерді түп-тамырымен отап, орнына түрлі ғимарат тұрғызу белең алған, деп хабарлайды «Хабар 24».

Ғалым Тәттібек Жарқынбеков қысы-жазы жүк сөмкесін арқалап, тау-тасты аралайды. Сырдария – Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи саябағында өсетін дермене жусанын – дәрілік өсімдіктің төресі деп біледі. «Емдік үшін қолданылатын шөптерді ірі мал таптап, мүлдем жойылуға айналды», – деп қынжылады ол.

Тәттібек Жарқынбеков, ғалым:

Ұлттық парк болғалы, оның алдында да осы қоралар салынды. 300-400-дей жылқы, сиыр осы тоғай-тоғайдың бәрін талқандады. Яғни жүретін жолымызда дәрілік өсімдіктер қалмады. Бұл паркті жекеменшікке бөліп алған. Ішіне ешкімді кіргізбейді.

Ал мемлекеттік саябақтың өкілі болса, тау ішінде мал жаю емдік өсімдіктер әлеміне әсер етпейді. Қатерді адамдардан күту керек дейді. Оның айтуынша, жақын маңдағы жерлер әлдеқашан жеке меншікке өтіп кеткен. Тіптен, саябаққа өтетін жалғыз жолды пайдалану үшін ақы төлеу қажет.

Қайрат Кәрібаев, «Сырдария-Түркістан мемлекеттік өңірлік табиғи паркі» ММ бөлім меңгерушісі:

– Анау тұрған шлагбаум жүйкені тоздырып, жұмысымызға кедергі келтіріп бітті. Бұдан басқа саябаққа баратын жол жоқ. Осы жерді жеке меншікке кім өткізді, ол жағы біз үшін жұмбақ.

Бұл аумақ жасыл желегімен ғана емес, тарихи жәдігерлерімен де танымал. Саябаққа жақын жерде тастардың бетінен әйгілі «Боралдай петроглифтерін» көруге болады. Өкінішке қарай, көне құндылықтарды бақылайтын ешкім жоқ. Сол себепті вандалдар аяусыз қашап әкетіп, сатып жатыр.

Бектас Тоқтамысов, Теректі ауылының тұрғыны:

– Жұқа тастар қаладағы үйлерді әшекейлеуге жақсы. Сондықтан әнебір жылдары көп тасыды бұл жерден. Жұқа тастарды жинап қояды. 1 камазын 25 мыңға артып бересіз, сатып алып. Оны қалаға апарып қанадан сатады байларға?!

Теректі ауылының тұрғындары өсімдігі мен құнды жәдігерлері жойылып бара жатқан орынды арнайы қорғауға алуды сұрайды. Расында, биоортаның қазіргі ахуалы мәз емес. Экология министрлігі таратқан ресми мәліметте сирек кездесетін шөптердің 400-ге тарта түрінің 38-і жоғалып кеткені жазылған. Проблеманы шешу үшін жаңадан заң жобасы әзірленген. 

Юзан Таирбергенов, «Өсімдіктер әлемі туралы» заң жобасының кеңесшісі:

– Өзекті мәселені жою мақсатында сала министрлігіне қарасты комитет «Өсімдіктер әлемі туралы» заң жобасын жасап шығарды. Қазір бұл құжат Парламент қарауында жатыр. Оған еліміз бойынша қараусыз жатқан барлық жерлер енгізілді.

Жалпы Қазақстан аумағында әлі де болса зерттелмеген жер көп. Ғалым Тәттібек Жарқынбеков 50 жыл ғұмырын осы салаға арнаған жан. «Алда жасалатын шаруа әлі де жетерлік. Мемлекеттік органдар мен ғалымдардың жұмысын бір жерге шоғырландыратын уақыт келді. Болмаса, тұмса табиғаттан айырылып қалуымыз әбден мүмкін», – дейді.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов