ШҚО-да ауыл жұрты көптен күткен құрылыстың тоқтамауын тілейді

Шығыс Қазақстан облысы Бутаково ауылындағы жұрт оянған үмітіміз қайта сөнді ме деп алаңдаулы. Тұрғындар биыл өмірі болмаған орталықтандырылған ауыз су жүйесіне қосыламыз деп қуанып жүр еді. Алайда ауылдағы құбыр тарту жұмыстары аяқ асты тоқтап қалды. Енді тіршілік нәрін күткен ел елеңдеумен жүр, деп хабарлайды «Хабар 24».

Бутаково ауылын түкпірде жатқан елді мекен деуге ауызың бармайды. Риддер қаласынан отыз, ал Өскеменнен 80 шақырым жерде орналасқан. Алайда сонысына қарамастан, мұндағы мәселе шаш-етектен дейді Любовь Павлова. Тіпті ол туған ауылындағы қордаланған қиындықтарды айтып тауыса алмады.

Любовь Павлова, Бутаково ауылының тұрғыны:

Байланыс жоқ, электр жарығы да жиі сөнеді. Жол да тозып кетті. Қайсыбірін айтайын. Қымбатшылық ол қысып барады, нан ғана әлеуметтік бағамен сатылады, қалғанының құны удай.

Жолдың тозғанына құрылыс жұмыстары себеп болыпты. Бір жарым ай бұрын ауыз су құбыры тартыла бастаған. Жұрт өздері талай жыл күткен ең өзекті мәселе шешілетін болды деп бір серпілді. Анна Лукьянованың айтуынша, ауылдықтар орталық су жүйесі дегенді өмірі көрмеген.

Анна Лукьянова, Бутаково ауылының тұрғыны:

Бұл жерде екі өзен бар. Соған қарап отырмыз. Кейбір үйлер ұңғыма қазып алған. Алайда соңғы уақытта су жоғалып, өзен де тартылып барады.Кейде тіпті бау бақша суғара алмай қаламыз.

Сондықтан су құбыры тартыла бастағанда, Бутакова тұрғындары ерекше қуанды. Дегенмен соңғы күндері жұмыстың сап тиылғанын көріп, тағы сан соғып қалдық па деп алаңдап отыр. Бірақ жергілікті әкімдік бәрі ойдағыдай деп халықты тыныштандырды. Сөздерінше, көрсетілген межеден көп үйді ауыз сумен қамту үшін жобада аздаған түзетулер болып жатыр.

Елена Маслакова, Риддер қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

– Барлық жер телімдерін қамти кету үшін су құбырын ауыл ішімен сақиналауға өзгерістер енгіземіз, бар болғаны осы ғана. Жоба толық іске асады.

Осылайша Бутаковада орталықтандырылған су жүйесін тұтынушылар саны артады. Жоспарға сай бұл шаруа жыл соңында аяқталуы тиіс. Сөйтіп Риддердің маңайында ауыз суға тапшы ауыл қалмайтын болады.

Авторлары: Эльмира Ахметова Жігер Бабаханов