Азық-түлік бағасы аспандап тұр

Елімізде жыл басынан бері әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы 17,4 процентке өскен. Әсіресе пияз, қант, сәбіз, картоп, қарақұмық, макарон, ұн және қырыққабат құны бағынбай тұр. Бұл туралы Премьер-министр Әлихан Смайыловтың Мемлекет басшысы тапсырмаларын орындау бойынша өткізген кеңесінде айтылды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жиында азық-түлік бағасынан бөлек, инвестициялар тарту және өңірлердегі өзекті әлеуметтік проблемаларды шешу де қаралды. Үкімет басшысы әлсіз контрактация пияз бен басқа да көкөніс бағасының өсуіне әкелетінін атап өтті. Мәселен, пияз бағасы Қызылорда облысында және Шымкент қаласында шамадан тыс аспандап тұр. Бұған көтерме жеткізушілердің өзара сөз байласуы да әсер етуі мүмкін. Сол үшін Әлихан Смайылов құзырлы органдарға бәсекелестікке қарсы іс-әрекеттерін бақылауды күшейтіп, заңсыз қант сатушылардың жолын кесуді тапсырды. Азық-түлікпен қамтамасыз етуге талдау жүргізіп, өзімізде өнім өндіруді ұлғайту қажеттілігіне де тоқталды.