Халық Кіші Талдыкөлдің тағдырына алаңдаулы

Елордалық табиғат жанашырлары Кіші Талдыкөлдің тағдырына алаңдаулы. Олардың айтуынша, бүгінгі таңда табиғи су қоймасын жасанды кептіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бұл жағдай өз кезегінде жергілікті фаунаның тыныс-тіршілігіне кері әсерін тигізеді, дейді Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығының өкілдері.

Мирлан Алтынбек, тілші:

- Кіші Талдыкөлде жүргізіліп жатқан құрылыс, қазба және де мынадай су сорғылау жұмыстары заңсыз дейді табиғат жанашырлары. Өйткені көпшіліктің рұқсаты жоқ. Мәселен, Сығанақ көшесі жағындағы ауданында көп қабатты үйлер мен балаларға арналған ойын-сауық орталықтары салынып жатса, мына тұста сауда үйі болады дейді куәгерлер. Тіпті біз тұрған жасанды жолдың өзі көлдің орыны.

Қазақстанның биоалуантүрлілігін сақтау қауымдастығы бұл мәселені бұрыннан айтып келеді. Мұның арты үлкен экологиялық апатқа әкелуі мүмкін, дейді қауымдастықтың ғылыми қызметкері Руслан Оразалиев.

Руслан Оразалиев, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері:

- Былтыр қараша айынан бері көлге топырақ төгу жұмыстары басталды. Жасанды жерге коттедж және таунхаус қалашығы салынып жатыр. Мердігер мекеме белгісіз. Ешкім ештеңе айтпайды. Ал су сору құрылғысын 12 маусымда байқадық. Менің ойымша, мотопомпа тек түсте емес, түнгі уақытта да қосулы тұрады. Мұндағы аң-құстар дырылдаған дыбысынан үркіп, қайда тығыларын білмей жатыр. Қазір олардың ұялайтын кезеңі. Су деңгейі жасанды төмендетілген соң "Кіші Талдыкөл өздігінен кеуіп жатыр" деп құрылыс жұмыстарын әрі қарай жалғастыра бермек ойы бар бұлардың.

Таяуда ғана қала әкімі Алтай Көлгінов арнамызға берген сұхбатында жоғарыда айтылған түйткіл жайлы былай деген болатын.

Алтай Көлгінов, қала әкімі:

- Дәл ортасында құрылыс жүріп жатқан жоқ. Оның бірнеше нүктесі бар. Соны бөлу керек шатасып кетпес үшін. Анау Үлкен Талдыкөл бар. Оның суы азайып келіп жатыр. Осыдан 4-5 жыл бұрын 57 млн текше метр болған. Қазір соның бергі жағында кіші өзендер бар. Ол су нысандары. Ол өзенде емес, көл де емес. Оған су біздің кәріз желілері бар ғой, содан келіп жатқан су.

Белсенділердің айтуынша, Кіші Талдыкөлдің суы Үлкен көлдегі судан әлдеқайда таза. Мұны қауымдастықтың ғылыми қызметкерлері де растап отыр. Әйтпесе, көл бетіне құс қонбас еді. 

Руслан Оразалиев, Қазақстан биоалуантүрлілікті сақтау қауымдастығының ғылыми қызметкері:

- Құрылыс жұмыстарына дейін судың сынамасын алып зерттегенімізде бұл учаске ең таза болған. Ластану көрсеткіші өте төмен. Салыстырмалы түрде қарайтын болсақ, Есіл өзенінің ластану көрсеткіші осы учаскеден біршама жоғары.

Осыған байланысты Кіші Талдыкөлді жартылай болса да сақтап қалу керек, дейді белсенділер.

Мирлан Алтынбек, Ырыстанбек Оспанов

Сондай-ақ...