Алматы көшелеріндегі жабайы сауданың зардабы аз емес

Алматы көшелеріндегі жабайы сауданың зардабы аз емес

Жаздың аптап ыстығында қауын-қарбыз бен балмұздақ саудасы қыза түседі. Жол бойында, көше қиылыстарында сатушылар да көбейеді. Санитариялық дәрігерлер мен дұрыс тамақтану саласының мамандары сапасыз азық-түліктен сақтану жолдарын айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Жаз мезгілінде Алматыны көше бойындағы жеміс-жидексіз, құйылмалы балмұздақсыз елестету мүмкін емес. Әсіресе шаһарға кіреберіс жолдарда қауын-қарбыз сатушылар көбейеді. Қалалық санитариялық-эпидемиологиялық департаменттің мәліметінше, әзірге улану жағдайы тіркелмеген. «Бірақ сақтықта қорлық жоқ, жеміс-жидекті арнайы сертификаты бар дүкендер мен базарлардан сатып алған жөн», – дейді мамандар.  

Кенжегүл Қонысбаева, қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы:

– Қауын-қарбыз бен жеміс-жидектер бізде үлкен Алтын Ордаға келеді. Сол жақта бізде ветеринарлық зертханалар бар. Сол жақта міндетті түрде тексеріледі, егер де дұрыс нәтижелер болатын болса, сол кезде ғана қалаға кіргізіледі. Ал мына жол бойында немесе көліктердің артында ашып қойып сатып жатқандарды көреміз қазір жиі. Егер де ондай болған жағдайда олар арнайы сертификат алмайды. Демек олар зертханалардан өтпейді. Сол себептен ол қауіпті.

Дүкен сөрелерінде немесе базарларда сатылатын көкөніс пен жеміс-жидектердің барлығы химиялық тыңайтқыштан құлан таза деуге келмейді. Әр өнімнің құрамындағы нитраттардың мөлшері рұқсат етілген нормадан аспауы тиіс. Мысалы, бір келі қарбызда 60 миллиграмға дейін, бір келі қауында 90 миллиграмға дейін нитрат рұқсат етілген. Ал көкөністердің әр келісінде 300-500 миллиграмм нитрат болса, қалыпты болып саналады екен. Мамандар тыңайтқыштың шамадан тыс себілгенін қалай анықтау керектігінде айтты. 

Теміржан Айтбаев, «Қазақ жеміс-көкөніс шаруашылығы» ҒЗИ» басқарма төрағасы:

– Қарбызды кескен кезде ішкі жағын кескен кезде онда мысалы, сары жолақтар болып тұрады, бірден көрініп тұрады. Бұл сары жолақтар нитраттардың жинақталуы. Яғни қарбызды кесіп, бірден сары жолақ болса оны жемеуге болады. Өйткені ол қауіпті. Онда 3 есе, 5 есеге дейін көп болып кетеді. Қазіргі таңда нитратты анықтайтын құрылғылар бар, қолжетімді. Сонымен анықтауға болады.

Дүңгіршектерден сатып алынған өнімдерді жумай пайдалану да азықтан уланудың бір жолы. Сондықтан ең болмаса сүртіп жеу керек. Жеке бастың тазалығын сақтау да маңызды. Себебі даладағы шаң-тозаң мен вирустардың басым бөлігі адам ағзасына қол арқылы түседі.

Авторлары: Аршын Кемелжан, Кенже Амраев