Биыл Түркістанда 273 бизнес-идеяға қаржы бөлінеді

Жарты миллион теңгеге бизнесті дөңгелету мүмкін бе? Бұл іс Түркістан қаласының тұрғыны Гүлімхан Сайлаубектің қолынан келді. Ол былтыр мемлекеттік грант ұтып алып, жеке ісін ашқан, деп хабарлайды «Хабар 24».

Гүлімхан Сайлаубек ұзақ жылдар бойы медбике болып жұмыс істеген. Бірақ кәсіпкер болуды армандаған. Мұратына жетуге мемлекет қолдау көрсетті. Ол «Бизнес бастау» бағдарламасы бойынша курстардан өтіп, бизнес-жоспар әзірлеген. 500 мың теңгенің бастапқы капиталына стартапты іске қосты. Бұл қаражатқа құрал-жабдық сатып алып, косметологиялық салон ашты.

Гүлімхан Сайлаубек, қала тұрғыны:

– Бір жыл ішінде көлемін үлкейттік. Үш төсекке көбейттік және осындай көптеген косметикалар әкелдік. Құдай бұйырса, әрі қарай тағы бір жерден ашсақ деген ой бар. Осы мынау косметология бойынша дүкендер ашқымыз келеді, тағы да басқа косметика түрлерін көбейткіміз келеді.

Түркістанда косметология саласы қарқынды дами қоймаған. Сондықтан кәсіпкердің қызметі сұранысқа ие. Болашақта бірнеше орын ашуды жоспарлап отыр. Жалпы өткен жылы 200-ден астам тұрғын Гүлімхан Сайлаубек сияқты грантқа ие болған. Десе де жұмыстарын адал атқармай жүргендері де бар.

Айдана Мұсаева, қалалық жұмыспен қамту орталығының жетекшісі:

– Мемлекеттік құзырлы органдардың тексерісі бойынша 55 адам заңсыз алды деп анықталған болатын. Олардың бүгінгі таңда 28-і өз еркімен қайтарған болса, қалған азаматтар бойынша құжттарды сотқа өткіздік. Соттың шешімі бойынша жаңағы мемлекеттік грант қаражаты қайтарылады. Сонымен қатар сегіз адам заңсыз жұмсалған болып анықталды.

Биыл Түркістанда 273 бизнес-идеяға қаржы бөлінеді. Ал грант көлемі көбейтілді. Енді мемлекеттік қолдау бір миллион теңгеден асады.

Авторлары: Ақмарал Есімханова, Рауль Ғабитов