Атырауда қысқа мал азығын дайындау науқаны басталды

Биыл ылғалдың мол түсуіне байланысты шөп те бітік. Пішен мол болғанымен оның бағасы өзгеріссіз қалатын сияқты. Себебі ауданға мемлекеттен бөлінетін жеңілдетілген жанар-жағармай жетпей қалған. Мұның қиындығын қарапайым тұтынушы тартады. Қазірдің өзінде Мақат, Жылыой аудандарында шөп бағасы шарықтап кетті.

Қыстың қамын жазда қолға алған  «қызылқоғалықтар» орақ науқанын биыл ерте бастады. Қазірдің өзінде аудан малға қажетті 136 мың тонна шөптің 30 процентін дайындап үлгерген. Өздерінен артылғанын олар саттыққа шығарады. 

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Биыл әрине шөп бітік шыққанымен оның бағасына айтарлықтай әсер етпейтін сыңайлы. Мысалы, Қызылқоға ауданында осы көріп тұрған мына «Жырақұдық» алқабындағы бір бума шөптің бағасы 4-6 мың теңге. Ал енді ол басқа аудандарға, айталық, Атырау қаласына тасымалданса 14-15 мың теңгеге шарықтайды екен.

Ал қосын басынан сатып алуға көпшігінің шамасы жоқ. Жеткізушілер жолдың қашықтығына қарай үстеме қосады. Шөп сатуды шаруалар да дағдыға айналдырған. Себебі, мемлекет қолдауынан қағыс қалғандарға басқа кіріс жоқ. 

Ғабит Хайруллин, шаруашылық жетекшісі:

- Сатамыз себебі біздің шығынымыз бар ғой ЖЖМ қосалқы бөлшектеріміз бар, жасап жатқан жігіттердің еңбекақысы бар, соның бәрі енді шығын ғой. Мемлекеттен әзірге енді ешқандай көмек көріп отырған жоқпыз. Былтырлар аз-мұз ЖЖМ берді, жеңілдетілген, биыл ол да жоқ.

Биыл Ресейдегі дағдарысқа байланысты ауыл шаруашылығы техникасының қосалқы бөлшектерінің бағасы 2-3 есе өсті. Ал мемлекет тек мал басына ғана субсидия төлейді. Оның өзі де уақытылы емес. 

Әділет Шаймарданов, аудандық ауылшаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Шаруалараға жеңілдетілген дизель отыны бөлінбеген биыл. Енді олар өздерінің нарықтағы бағамен сатып алып, шығындарын ертең мал азығына субсидия беріледі жергілікті бюджеттен соның есебінен шінәра жабады. Осыған өтінім берген қожалықтар тиісінше субсидиясын ала алады. Енді бюджет қаражаты жетіспеген жағдайда келесі жылға резервке қалады. 

Биыл облысқа 670 мың тоннадан астам ірі сабақты мал азығы керек. Оның басым бөлігі осы ауданнан дайындалады. Қазірдің өзінде  Мақат, Жылыой аудандарына  ауданның жер қорынан 44 мың гектар жер беріліп отыр. Шабындық алқаптарда 22 шөп дайындаушы бригада жұмыс істеуде. Ауыл шаруашылығы басқармасы олармен шөп бағасын көтермеу туралы меморандумға қол қойыпты. Бірақ жүздеген шақырымға тасымалданатын мал азығының құны тұтынушысына жеткенше талай құбылары анық. 

Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов