Ақмола облысында 24 елді мекенді ауыз сумен қамтуға қаржы бөлінді

Ақмола облысындағы 24 елді мекенді ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 100 млн теңге бөлініп, сметалық құжаттары әзірленіп жатыр.

Бұл мәселені «AMANAT» партиясы бақылауға алған. Қазір саяси бірлестік өкілдері аймақтарды аралап, мемлекет қаражатына жүзеге асырылып жатқан жобалардың барысымен танысып жүр. Солардың бірі Сандықтау ауданының орталығы Балкашино ауылындағы стадион құрылысы. Іргетасы 1982 жылы қаланған спорт нысаны осы уақыт аралығында бірде-бір жөндеу көрмеген. Футбол, волейбол және баскетбол алаңдары жаңартылып, жеңіл атлетикамен шұғылдануға жағдай жасалады. Құрылыс барысымен танысқан соң Мәжіліс депутаты Асқарбек Үйсімбаев өңір тұрғындарымен жүздесті. Жалпы Ақмола облысының 6 ауданындағы 13 елді мекен халқымен кездесіп, бірқатар кәсіпорын мен әлеуметтік мекемелердің жұмысымен танысты. Оның айтуынша, ақмолалықтар үшін қазір ауыз су күрделі мәселенің бірі.

Асқарбек Үйсімбаев, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Су мәселесі бойынша біз Парламентте парламенттік сағат өткіздік. Онда осы Ақмола облысы бойынша 14,6 млрд керегін мен оған түсіндіріп айттық. 24 елді мекен бар. 14 565 адам тұрып жатыр. Олардың техникасы жоқ істейтін. Сондықтан әлсін-әлсін сусыз қалып отыр. Осы мәселе күрделі мәселенің біреуі. Биыл жүз млн бердік, қалғанын ендігі жылы береміз деп отырмыз. Енді ол проект бойынша. Ол да шешімін тапса ол да үлкен нұр үстіне нұр.