Неліктен Қарағанды облысында елді мекендерді су басты?

Қарағанды облысының Ақтоғай ауданында қатты нөсер салдарынан жергілікті аурухана, мектеп және дүкеннің жер төлесі суға толған. Қазір мамандар жағдай қалыпты, қызыл судың сыртқа шығарылғанын айтып отыр. Мұндай жағдай не бары бір аптада Қарағанды облысының екі бірдей елдімекенінде болған. Табиғаттың тосын мінез танытуының себебі не?

Ақтоғай ауылының  тұрғындары елдімекеннің қақ ортасында нөсер жауын салдарынан осындай көлшіктің пайда болғанын көптен бері көрмеген. Не бары бір сағатта мұнда бір айлық жауын-шашын нормасы жауып, оның көлемі 16,4 миллиметрге жеткен. Ал осыдан 3 күн бұрын осыған ұқсас жағдайды бастан өткерген Сенокосное ауылында жаңбыр суының мөлшері тіптен көп. 199 мм-ге жуық. 

Бірақ синоптиктер бұл шілде айына тән қалыпты жағдай дейді. Егер көктем мен күзде жаңбыр 3 сағаттан артық тұрақты түрде тоқтамай жауып тұрса, жазда температура фронттары жылдам өзгереді. Салдарынан қою бұлттың белгілі бір жерге нөсерлете салатын кездері табиғатта жиі кездеседі екен. 

Дәулет Кісебаев, инженер-синоптик:

- Негізінен жауын-шашын суық фронттан кейін жүреді. Ыстық пен суық тоғысқан кезде бұлттар көбейе түседі. Мысалы таңертеңгелік уақытта бұлттар қою-қара әрі біркелкі болса, түс ауа ол жаңбырлы болып келеді. Осының салдарынан барып, жауынның белгілі бір бұлт бар жерде ғана қатты құйып жауатынын байқаймыз.

Нөсер жауынның жауу уақыты көпке бармағанымен, құйып жауғандықтан қалың су жерге сіңіп үлгермейді. Сондықтан топан су жер бедеріне сай төменге сырғи береді. Мұндайда ойлы жерде орналасқан елдімекендер көп зардап шегуі мүмкін.

Виктор Попов, Қазақстан геотехникалық қауымдастығының вице-президенті:

- Ол жер лайлы, батпақты емес, қалыпты құрғақ болса да мұнша көлемді суды сіңіріп үлгірмейді. Осы уақытқа дейін аталған елдімекендерді мұндай жағдай болмаған. Демек бұл табиғаттың біз болжап үлгермейтін тұсы. Бұл бірінші кезекте мұндай жағдай қайталанса, адамдарға зардап тимейтіндей іс-шара жасап, арық пен су ағарларды тазалау керек деген сөз.

Табиғаттың мұндай тосын көрінісі қаншалықты жиі қайталанатыны толық зерттелмеген. Қарағанды өңірінде метеобақылау жұмыстары небәрі 90 жылға жуық уақыт жүргізіліп келеді. Сондықтан көптеген елді мекендер мұндай жағдайға дайын емес екені де ақиқат дейді мамандар.   

Дәуренбек Бағдәулетұлы, Сайран Ақанбаев, Зарина Зұлпхар