Түркістандағы жағажайдың жағдайы қалай?

Түркістанда ашылған жағажайға демалуға келген халықтың көңілі толған жоқ, деп хабарлайды «Хабар 24».

Олар лай суға түспеңдер деп кеңес беріп жатыр. Араға бір апта салып, демалыс орнын көруге біз де бардық. Тұрғындар айтқандай батпақ жоқ. Су таза. Тек  жұмысшылардың қолынан әлі күрек түспеген. Олар тазарту жұмыстарымен айналысып жатқан сыңайлы. Ал судың неден лайланғанын мамандар былай деп түсіндірді.

Сейсенбек Балабиев, мердігер ұйымның өкілі:

- Мынау Түркістан қаласында негізінде жел көп болады. Мынау шығыстан соққан жел қай уақытта да болмасын, кеше құрылыс жұмыстарында да көптеген қиыншылықтар көрдік. Қазіргі күнде де шаңды алып келе береді мынау даладан. Сөйтіп мынау жағажайға келгенде мынау құмға топырақ араласып кетіп жатыр.

Мердігерлер жағдай шешімін табады деп сендірді. Ол үшін жағажайға толықтай  қиыршық тас төсемек.  Бірақ келушілердің мәдениеті төмен деп қынжылады олар. Мәселен, демалыс аймағы ашылған алғашқы күні 8 мыңға жуық адам келіпті. Олар өздерінен кейін қоқысты жинап кетпейді. Шашылып жатқан тұрмыстық  қалдықтар да көл суын ластайды. Қалыптасқан жағдайға қатысты туризм басқармасы түсінік берді. Мамандар жағажайдың техникалық дайындығын көру үшін ашыпты.

 

Гүлмира Ахбердиева, облыстық Туризм басқармасының басшысы:

- Біз балалардың әкімдік жанындағы су бұрқақта, керуен сарайының жанында шомылып жүргенін көреміз. Күн қатты ыстық. Тұрғындардың сұранысын ескеріп отырмыз. Мен бұл жерде жағажай дайын емес деген кейбір пікірлерге қосылмаймын. Құм бар, қиыршық тас бар. Суға шомылуға болады.

 Демалыс аймағын салуға екі жыл кетті. Ал жасанды көлді толтыруға екі жарым миллион текше метр су жұмсалған.

Бекзат Сыздықов, қала тұрғыны:

- Біз балалар болып келдік үш бала, шомылып түсіп жатырмыз. Бүгін бірақ жел болып тұр. Бірақ былай жақсы, жылы су таза, мөлдіреп тұр. Қонақтарға келгенде жақсы. Бала-шағаны әкеп демалдырасың.

Әзірге жоба толық аяқталған жоқ. Алдағы уақытта бұл жерге балаларға арналған демалыс алаңын, аквапарк, қонақүйлер мен коттедждер салу жоспарланып отыр. Жағажайдың құрылысына қазынадан 9 млрд теңге бөлінген.  

Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Рауль Ғабитов, Қуаныш Әбуов