Мемлекет басшысы: Перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес

Қазақстандағы перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай болмай тұр. Ал олардың жұмысын тексеру тек сол тексеріс күйінде ғана қалып отыр.

Тиісінше ана мен бала өлімі де көбеюде. Осы жайтқа шүйліккен Тоқаев Үкіметке медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауды тапсырды.

«Мен перинаталдық қызметтің жай-күйін тексеруге тапсырма бердім. Оның қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдануы керек еді. Бірақ барлық жұмыс аудит деңгейінде тоқтап қалды.

Қазіргі перзентханалардың көбі халықаралық стандарттарға сай емес. Сондықтан шұғыл шаралар қабылдап, осы мәселені шешу қажет. Жалпы, денсаулық сақтау саласы туралы айтар болсақ, мұнда түйткілді мәселелер көп», – деді Президент.

Сонымен қатар елімізде созылмалы ауру салдарынан қайтыс болу көрсеткіші де өте жоғары. Мемлекет басшысының айтуынша, экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымына мүше елдермен салыстырғанда біздегі ахуал өте нашар.

«Медицина саласына бөлінген қаржы көлемі артқанымен, мұнда қордаланған мәселелер шешімін таппай отыр. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі тиімді болмады, нақты нәтиже жоқ. Үш миллионға жуық адам медициналық сақтандырудан тыс қалған. Соның кесірінен олар денсаулық сақтау саласындағы қызметтерді толық пайдалана алмайды.

Үкімет Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп, медициналық сақтандыру жүйесін жетілдіру жөнінде ұсыныстар дайындауы керек.

Келесі өзекті мәселе – денсаулық сақтау жүйесін цифрландыру. Бұл жұмыс өте баяу жүріп жатыр. Жалпы, цифрландырудың қазіргі деңгейі дәрігерлердің жұмысын жеңілдетіп отырған жоқ.

Денсаулық сақтау саласында 40-тан астам ақпараттық жүйе жұмыс істейді. Әр жүйенің өз кемшіліктері бар. Министрлік болса, жауапкершіліктен қашып, нақты шешім қабылдамай отыр. Ал мұның зардабын дәрігерлер мен азаматтар тартуда. Үкімет осы мәселені тез арада шешуі керек», – деп тапсырды Тоқаев.