Атырау өңірінің шаруалары мал басын асылдандыруға көп көңіл бөледі

Үкіметтің кеңейтілген отырысында Мемлекет басшысы фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін әзірлеуді тапсырды. Қажет болса, бұл жұмысқа «Атамекен» палатасын тарту керектігін айтты, деп хабарлайды «Хабар 24».

Шаруа қожалықтарына ірі сауда желілерімен тығыз байланыс орнатуға мүмкіндік беру керектігін айтты. Яғни мемлекет тарапынан қолдау күшеймек. Қолдау демекші, Атырау облысында жеңілдетілген несие алғандардың алды мал басын еселеп өсірді. Асыл тұқымды шаруашылыққа айналғандары бар. Солардың бірі – Мәрзия Әбішева 4 жыл бұрын алған ұсақ малдың басын 3 есе көбейтті. Жасы 70-тен асқан Мәрзия апай әлі шаруадан қалмаған. Тіпті көлікті де өзі жүргізіп, қиырдағы қой отарына күнара келіп тұрады. Мал баққанға бітетінін түсінген іскер әйел түлігін көзден таса қылмауға тырысады екен.   

Мәрзия Әбішева,  шаруа қожалығының жетекшісі:

– Таза пайда қойда екенін түсіндік. Себебі бұл өте өсімтал мал. Соның ішінде асыл тұқымды шаруашылық құруды мақсат еттік. Себебі қазір біз «еділбай қойын» бағып отырмыз. Бұл қой етті, майлы, сондай төзімді қазақтың баяғыдан келе жатқан байырғы өз малы. Қысқа төзімді жайылғанда жылқы сияқты қысты анау-мынау қарға жайыла береді.  

Мемлекеттен ауылшаруашылығын қолдауға бөлінген жеңілдетілген несие нәтижесінде өңірде мал басы көбейіп, ондаған жаңа шаруашылық пен қожалық құрылды.  Олар біртіндеп мал басын асылдандыруға ден қоя бастаған. Бүгінде Атырау өңірінде «Қазақтың ақбас сиыры», «Авердин-ангус» секілді етті мүйізді ірі қара саны көбейіп келеді. Нәтижесінде облыстың ет пен сүтке сұранысы өзінен өтеле бастады. Өнім сапалы, әрі арзан.

Гүлзада Шалағұлова, АНК облыстық филиалының басшысы:

– Жалпы біз несие бергенде оны алушының тәжірибесі бар ма, мал шаруашылығында. Мал бағу оңай шаруа емес оны алға қарай дамытып алып кете ала ма, осы бағытта зерделеу жұмыстарын көптеп жүргіземіз. Осы шаруашылық бұған дейін қой өсіруге несие алса, енді жылқыға несие алды, екі түлікті де қазір өсіріп, баптап отыр. Мал басы екі-үш есе көбейген. Соған сәйкес несиені қайтаруы да уақытылы жүріп жатыр.

Өткен екі жылда облысы бойынша  407 жеке тұлға 3,6 млрд теңге несие алыпты. Бұл үрдіс биыл да жалғасуда. Өткен 6 айда ауылшаруашылығы саласында 93 жоба қаржыландырылған. Шілде айынан бастап  ұлттық жоба бойынша тағы да қаражат қарастырылып жатыр. Еліміздің ауылшаруашылығы кешенін өркендетуге арналған осындай игі шаралар ауыл тұрғындарының әлеуетін арттырып, ата кәсіпті жандандыруға игі ықпал ете бастаған. Енді мал өнімін өңдейтін кәспорындар іске қосылса,– дейді іскер әйел.

Мәрзия Әбішева,  шаруа қожалығының жетекшісі:

– Жеңілдіктер бар, жақсы. Қойдан пайда көп. Егер жүнін жаратып, терісін оқсататын болсақ, екі есе пайда болар еді. Жүні үйлеспей жатыр. Оған бір-екі қожалықтың әлі келмейді. Мемлекеттен қолдау болса, керемет болар еді. Себебі жүнді қырқып алғаннан кейін, оны жуып, тазалап, жаңағы пресстеп солай тапсырған өте тиімді.

Бүгінде Атырау облысында ауылшаруашылығын кешенді дамыту мақсатында ірі жобалар қолға алына бастады. Қала іргесінде 1500 басқа арналған мал бордақылау алаңы, Қызылқоға ауданында сүт өңдейтін кешенді ферманың құрылысы басталды. Қомақты қаражатты қажет ететін бұл жобаларға да мемлекеттің зор көмегі бар.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Амантай Мәтенов, Жандос Рахметуллин.