Шығыстың даму қарқыны қалай

Шығыс Қазақстанда атом электр стансиялары үшін отын шығаратын зауыт биыл Қытай нарығына өз өнімдерін экспорттай бастайды, деп хабарлайды «Хабар 24».

Өндіріс орны арқылы еліміз атом өнімдерін шығаратын АҚШ, Ресей, Қытай сынды ірі державалармен иық тірестіре алады. Журналистерге есеп берген аймақ басшысы Даниал Ахметов осылай деді. Айтуынша, осы бір ғана жоба арқылы 2024 жылы облыстың экспорт көлемін жылына 150 млрд теңгеге ұлғайтуға болады.

Жалпы ШҚО-да 2025 жылға дейін экспортқа бағытталған 14 жоба іске қосылады. Мұндағы инвестиция көлемі 481 млрд теңге. Бұл өндіріс қарқынын жыл сайын 10 пайызға арттыруға, ал келешекте өнеркәсіптік әлеуетті тұрақты дамытуға мүмкіндік береді, деді аймақ басшысы. Әрине өзіміздің өнімге қол жеткізсек, өзгенің қас-қабағына қарайлаудан құтыламыз. Тиісінше, бағаны да, басқаны да бақылау оңайға соқпақ. Ол үшін жердің асты-үстіндегі бар байлықты өзіміз өңдеп үйрену қажет. Мұның алғышартын «Қазцинк» компаниясы бастап кетті.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

– Біз Қазақстанда алғаш болып полиметалл мөлшері аз кеніштерді қайта өңдеуді үйрендік. Бұл жалпы еліміз үшін болашағы зор әлеует. Алдағы жылдары мұның жемісі айқын көріне бастайды. Сондай-ақ ауылшаруашылық саласында да оң өзгерістерге қол жеткіздік. Өсімдік майы өндірісін кеңейту қолға алынуда. Сонымен қатар, балық, сүт өнімдері де еселенеді.

Шығыс десе, шекара бірінші еске түседі. Қытаймен қораласқан алыстағы ағайынның халі қалай? Шетте тұрып, естен шығып қалған жоқ па деп алаңдаймыз. Түптің түбінде ондағы өмір сапасын жақсарту маңызды.

Даниал Ахметов, Шығыс Қазақстан облысының әкімі:

– ҚХР-мен шекаралас орналасқан халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға кешенді жоспарлар қабылданды. 15 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылды. 9 спорт нысаны, көп пәтерлі 3, және екі пәтерлі 202 үй салынды. 283 км сумен қамту жүйесі тартылды, 156 әлеуметтік нысан, сондай-ақ, 450 кмден астам жолдар мен көшелер жөнделді.

Одан бөлек, өңірде апаттық және үш ауысымдық мектеп мәселесі толығымен шешілген. Сонымен қатар, инвесторлар есебінен көп балалы отбасыларды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Ал жаңадан құрылған Абай облысы жыл соңына дейін толық бөлініп шығады.

Авторы: Бекзат Аманов