Мал ұрлығы өршіп тұр

Жыл басынан бері Алматы облысында 800-ден аса ірі қара ұрланды.

Ақмола мен Жамбыл облыстарында 500, Түркістан облысында 400-ге жуық мал қолды болған. Бұл деректерді Ішкі істер министрі Марат Ахметжанов келтірді. Елде мал ұрлығының көбеюі алаңдатарлық жағдай, дейді министр. Жергілікті билік өкілдері оған тосқауыл қоюы тиіс. Ішкі істер министрі аумақтық департаменттердің жұмысын сынға алды. Солардың кесірінен аймақтарда мал ұрлап, етін саудалап жүрген топтар көбейген. Мал етін негізінен Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларына өткізетіні анықталған.

Марат Ахметжанов, ҚР Ішкі істер министрі:                                                                                                                                                               

- Ұрланған малдарға қалаларда сұраныс бар, оны ешкім жасырмайды. Ал сұраныс бар жерде әрқашан ұсыныс та болады. Оны таситын, оны ұрлайтын, оны сататын, оған жалған құжат жасайтын, оған көлеңкелі қамқорлық жасайтын мемлекеттік қызметкерлер де бар. Бірақ біз айтып отырған үш мегаполистің басшылары сатылып жатқан ұрланған етке ешқандай көңіл бөлмейді.