Елордада мыңдаған отбасы тұратын ауданда саябақ жоқ

Елордадағы Байтұрсынов көшесі мен Қошқарбаев даңғылының арасында саябақ жоқ.

Сол маңдағы бірнеше үйдің тұрғындары арнамызға хабарласып, базынасын жеткізді. Мыңдаған отбасы тұратын ауданда балалармен қыдырып, серуендейтін орын қарастырылмаған. Бұған дейін қаланың бас жоспарында мұндай саябаққа жер бөлінген, дейді жергілікті тұрғындар. Алайда жаздың басында олар сол учаскеде тағы бір үйдің құрылысы басталғанын байқады. 

Елордадағы Байтұрсынов пен Қошқарбаев көшелерінің арасында салынған көптеген үйдің тұрғындары серуендеп қайтатын орын таппай әлек. Соңғы кезде құрылысы қарқын жүріп жатқан ауданда демалатын саябақтар салынбаған. Жылдар бойы демалыс орнын күтіп жүрген тұрғындар амалсыздан арнамызға хабарласып, көмек сұрады. Олардың айтуынша, дәл мына учаскеде саябақ ұйымдастырылуы керек еді. Алайда осыдан бірнеше ай бұрын жергілікті халық қоршалған жерде ғимараттың құрылысы басталғанын байқады. Алайда бұл нысанның паспорты ілінбеген.

Диана Зеилова, қала тұрғыны:

- Біз бұл жерге 2017 жылы көшіп келгенбіз. Пәтерді сатып алғанда құрылыс компаниясы осы маңда қалалық саябақ салынады деп уәде берген. Біз соны күтіп жүрміз. Жақында бұл учаскеде құрылыс басталғанын көрдік. Бірақ мұнда не болатыны жазылмаған. Осында орналасқан барлық үйдің тұрғындары оған қарсы. Біз демалатын орын болсын деген талап қойып отырмыз.

Алайда бұл тұрғындардың талабы орындалмайтын көрінеді. Қала әкімдігі өкілдерінің хабарлауынша, бұл жерде саябақ салынбайды. Қаланың бас жоспарында Байтұрсынов көшесінің бойындағы учаскеде тағы бір үй салынбақ.

Сұлтан Аяпбергенов, Алматы ауданы қалалық жоспарлау бөлімінің басшысы:

- 2019 жылы қабылданған жоспар бойынша бұл учаскеде тұрғын үй салынады. Оны Арбилдинг жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жалға алған. Компания өкілдері барлық қажетті құжатты әзірлеген. Қолдарында жобаның нобайы бар. Яғни жер кодексі мен қаланың бас жоспарына сай олардың құрылысты жүргізуге құқығы бар. 

Әкімдік өкілдері тұрғындарды сабырға шықырып, аздап күту керектігін ескертеді. Қазір Мыңжылдық аллеясының құрылысы жүріп жатыр. Жақын арады инженерлік желілер ретке келтіріліп, жол салынады. Келесі көшенің бойында орналасатын саябақтың аумағы 1 гектардан асады. Маңайдағы барлық үйдің тұрғындары осында келіп, демала алады,- дейді жауапты ведомство мамандары.

Дариға Ташенова, Ырыстанбек Оспанов, Ербол Дайыров