Әйелді дамытуға арналған «Томирис» бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр

Әйелдердің көшбасшылық қабілетін дамыту үшін елордада "Томирис" ақпараттық-білім беру бағдарламасы жүзеге асырылып жатыр.

Өңірлерден 30 үміткер іріктеліп, арнайы тренингтерге қатысады. Тың жоба елді мекендерде табысқа жеткен қыз-келіншектерді қолдауға және оларды елдің саяси-экономикалық өміріне тартуға жол ашады. Бойындағы қасиетін одан әрі дамытуға мүмкіндік береді.

Айта кеткен жөн, бұл бағдарлама Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің және "Аманат" партиясының қолдауымен қолға алынды.

Айгерім Құсайынқызы, гендерлік экономика зерттеушісі:

- Жалпы мемлекеттің дамуы үшін гендерлік теңдіктің маңыздылығы неде? Гендерлік теңдікке Қазақстан не үшін қол жеткізуі қажет. Себебі бізде құқықтық емес, әлеуметтік проблемалар болады. Мысалы, биліктегі әйелді олар көргісі келмеуі мүмкін. Биліктегі әйелді олар лайықты емес деп есептеуі мүмкін. Соңғы 30 жылда бізде бір-ақ әйел әкім болған. Қазір екі-ақ әйел саясатта, билікте. Біз осы стереотиптермен күресеміз және эксперттерге қандай да бір гендерлік статистикаларды іздеу кезде көмектесеміз.