Биыл 154 мың талапкер ҰБТ тапсырды

Олардың 67 проценті шекті ұпайдан асты. Бұл былтырғы көрсеткішпен салыстырғанда 7 процентке жоғары, деп хабарлайды «Хабар 24».

Алайда қалған 33 проценті яғни 50 мың талапкер қажетті межеге жете алмаған.

Руслан Емелбаев, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

- Өте алмауының ең басты себептерінің бірі біз соңғы жылдары ҰБТ-ның өткізілуі кезінде академиялық адал және ашық өткізілуіне ерекше назар аудардық. Егер 2021 жылғы ҰБТ-да бөгдле тұлғалардың тест тапсыру үшін орнына кіріп тапсырудың 18 фактісі анықталған болса, биыл тек 1 факт анықталды. ҰБТ кезінде туған ағасы інісінің орнына түрі ұқсас болған соң кірмек болған. Бірақ ол биометрикалық тексеру кезінде ұсталды.

Руслан Емелбаевтың айтуынша, елде 74 виртуалды қабылдау комиссиясы жұмыс істейді. Кез келген үміткер құжатын қашықтан тапсырып, мамандардан кеңес ала алады.

Руслан Емелбаев, Ұлттық тестілеу орталығының директоры:

- Атырау-Маңғыстау арнайы бағдарламасы бар. Президенттің арнайы тапсырмасы бойынша 10 мың грант бөлініп отыр. Бұл бағдарламаға биылғы жылғы түлектер Маңғыстау және Атырау облысының түлектері қатыса алады. Олар кез келген өңірдегі ЖОО-на түсе алады. Бірақ бұл жерде ескеру керек болған маңызды бір мәселе бар. Олар не Атырау-Маңғыстау бағдарламасы бойынша құжат тапсыру керек немесе жалпы конкурс бойынша. Екеуіне бір уақытта тапсыруға мүмкіндік жоқ.

Мәселен соңғы екі күнде елордадағы басты жоғары оқу орындарының бірі мыңнан астам талапкерден құжат қабылдады.

Өміржан Қоқаев, Қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы:

- Былтырмен салыстырғанда құжат тапсырушылардың саны 20 процентке өсті. Көпшілік шығармашылық саланы таңдап жатыр. Екінші орында техникалық мамандықтар. Үшінші орында педагогикалық қызмет. Мұғалім болғысы келетіндердің көбі - ауыл жастары. Оның ішінде информатика пәні жоғары сұранысқа ие.

Ал қалалық мектеп түлектері өз болашағын IT саламен байланыстырады.

Бауыржан Абуов, Білім беру өнімдерін дайындау компаниясының бөлім басшысы:

Елде білікті IT маман жетіспей жатыр. Бірақ бұл бүкіл әлемге ортақ проблема. Ақпарат технологиясы саласында 100 мыңнан астам қызметкер бар. Жыл сайын 20-30 мың маман тапшы.

Бүгінгі күнге дейін мемлекеттік грант алуға шамамен 30 мың өтініш түсті. Оның ішінде 10 мыңға жуығы ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен мүмкіндігі шектеулі жандардан қабылданды. Ал «Атырау-Маңғыстау» жобасы бойынша қазір 105 арыз қаралып жатыр.

Авторлары: Мирлан Алтынбек, Самат Сүлейменов

 

Сондай-ақ...