Атырау облысында мұнайшылар ерекше балаларды қуантты

Жылыойлық 11 жастағы Әбдірәлі Нұрболатұлы «Ембімұнайгаз» компаниясы ұйымдастырған қайырымдылық концертінде әуелете ән салып, көптің қошеметіне бөленді, деп хабарлайды «Хабар 24».

Дертке шалдыққан бүлдіршіннің музыкаға деген қызығушылығы жоғары.

Жұман Хантөреева, Әбдірәлінің анасы:

- Мен баламды бақылап қарап отырсам, әнге жақын екен. Сондықтан керек заттарының бәрін алып, үйде айналысып бастадым. Ямахада жақсы ойнайды негізі, ешкім үйретпесе де. Қазақ, орыс, ағылшын, үш тілде жақсы сөйлейді.

Алтынай Темірханова жанарынан айырылса да, өмірге деген құштарлығын жоғалтпаған. 5 жасынан вокал үйірмесіне қатысып жүрген бүлдіршін қайырымдылық концертінде ән шырқап, талайды тамсандырды.

Алтынай Темірханова, қайырымдылық концертінің қатысушысы:

- Концертке барып қуанғанымнан көп әсер алдым. Біздің Жасталап ағам екеуміздің дуэтіміз халықтың көңілінен шықты. Мен өзімдей балалармен таныстым.

Ембімұнайгаз» компаниясы дер кезінде көмек көрсетіп, бірнеше бүлдіршінді ауыр дерттен аман алып қалған. Қызметкерлер қол ұшын созуға әркез дайын.

Қуандық Қалидуллин, «Ембімұнайгаз» АҚ Әлеуметтік саясат және әкімшілік қамтамасыз ету департаментінің директоры:

- «Ембімұнайгаз» АҚ бұрыннан да осындай қайырымдылық шаралармен айналысып келе жатыр. Аз қамтылған жанұялар бар, мүмкіндігі шектеулі жандар бар, оларға көмек көрсету – мұнайшылардың басты назарында.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға қолдау көрсету мақсатындағы іс-шаралар әлі де жалғасын табады.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Темірлан Сұлтанғазиев