Идустриялық аймақтарда инвесторлардың қызығушылығы төмен – Түркістан облысы

Түркістан облысында темір-бетон өнімдер шығаратын зауыт іске қосылды. Жалпы кәсіпорын ашу елімізде қаншалықты тиімді? Себебі мұндай зауыттарға бәсекелес өндіріс орындары аз емес. Өңірде құрылыс қарқыны да бұрынғыдай емес, деп хабарлайды «Хабар 24».

Зауыт құрылысы 2 жыл бұрын аяқталса да, пандемия кесірінен іске қосу мүмкін болмапты. Өндірісте қазір бар болғаны 16 жұмысшы еңбек етеді.

Бауыржан Ибрагимов, мекеме құрылтайшысы:

– Біз 2 ауысыммен жұмыс істейтін болсақ, 1800-2000 кубты 1 тәулікте шығара аламыз. Бүкіл түркі халқының рухани орталығы болып жатқаннан кейін Түркістан қаласының өсуі енді басталып жатыр.

Бұл зауыт индустриялды аймақта бой көтерді. Ал шаһарда құрылыс қарқыны соңғы 2 жылмен салыстырғанда біршама төмен. Сондықтан үлкен көлемде бетон шығарудың қажеттілігі бар ма деген заңды сауал туындайды. Ал облыс орталығында мұндай кәсіпорын көп.

Қанат Ұзақбайұлы, индустриялды аймақтың жетекшісі:

Облысымызда 58 жоба бар. Оның 42-сі жүзеге асырылған жоба болып табылады. 9 индустриялық аймақ бар.

Жалпы индустриялық аймақтарға инвесторлардың қызығушылығы бәсең. Бастапқыда жобаланған зауыттардың орнына шағын кәсіпорындар салынуы осыған дәлел. Сарапшылар аймақтың әлеуеті жоғары десе де, өндіріс ошақтарының тиімділігі 50%-ке де жетпей отыр.

Авторлары: Талғат Исламұлы, Қуаныш Әбуов